Ауданымызда аталып жатқан Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы аясында бүгін Қаскелең қаласында ҰОС ардагері, еңбек қайраткері Рақымжан Мақашевқа арналған ескерткіш тақта ашылды. Салтанатты шараға ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек пен бірқатар қарасайлық зиялы қауым өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Венаны, Будапештті, Праганы азат еткені үшін» секілді 13 медальмен марапатталған батырға арналған тақта оның есімі берілген Қаскелең қаласындағы Р.Мақашев көшесінде орнатылды. Шарада жиналған жұрт гүл қойып, ҰОС ардагері, еңбек қайраткерін ыстық ықыласпен еске алды.
Алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекке беріліп, ол ҰОС соғысынан кейін еліне оралып, Қарасай ауданының (ол жылдары Қаскелең) дамуы мен өркендеуіне өзінің өлшеусіз үлесін қосқан Рақымжан Мақашевтың ерлігі мен еңбегі ел есінде мәңгі сақталатындығы айтып өтті. Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Ұлтарақұлы осындай жұмыстар арқылы Рақымжан Мақашұлы секілді ата-бабаларымыздың ерлігі жас буынға дәріптелетіндігі жайлы сөз етті.
Соңғы болып ардагердің қызы химия ғылымдарының докторы, профессор Ғалия Рақымжанқызы сөйлеп, жиналған жұртқа, бүгінгі бастаманың жүзеге асуына үлестерін қосқан аудандық және қалалық әкімдіктің басшылығына ризашылығын білдірді.
Мұнан кейін Ғалия Рақымжанқызы Бексұлтан Ақылбек және «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжановпен бірге салтанатты түрде мемориалдық тақтаның шымылдығын ашты.
Осылайша, бүгін Қаскелең қаласында тағы бір ел алдындағы еңбегі өлшеусіз ардагеріміздің есімі ұлықталды.