Елімізге Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу уақыты аяқталуда, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеу елдің барлық өңірінде 1 қыркүйекке дейін жүргізіледі. Тіркеуге жататын көліктер: Арменияның уәкілетті органында Қазақстан азаматтарының атына тіркелген және 2020 жылғы 1 ақпанға дейін елімізге әкелінген рулі сол жақта орналасқан автомобильдер. Бұл ретте, заңда көзделген бастапқы тіркелгені үшін алым, утилизациялық алым және кедендік баж алынып тасталған.
Бұдан басқа, осы тіркеу науқаны аясында алдағы уақытта қандай да бір өзге алымдарды төлеу бойынша ешқандай міндеттеме туындамайды.
Айта кету керек, 1 маусымнан бастап Ақмола облысы бойынша қажетті құжаттарды ұсынған және мемлекеттік баж салығын төлеген 231 адам көлік құралын тіркеген. Есепке алынған көліктерге сары нөмір беріледі. Рулі оң жақта орналасқан автокөліктер тіркеуге жатпайды.