Арменияда Абай Құнанбаевтың 175 мерейтойына орай армян тіліне аударылған ақынның туындылары енетін жинақ басып шығуға дайындалуда. Бұл туралы Ереван мемлекеттік университеті (ЕМУ) Түркология кафедрасының меңгерушісі, жинақты дайындау жөніндегі шығармашылық топтың мүшесі Александр Сафарян мәлімдеді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Сафарянның айтуынша, жинақтың бірегейлігі – Абайдың көптеген еңбектері тұңғыш рет армян тілінде басылып шығады. Кеңес дәуірінен бері қолданыста жүрген шығармалардың армян тіліндегі аудармалары қазіргі армян тілінің нормаларын ескере отырып редакцияланатын болады. Жинақ армяндық ғылыми және студенттік орта өкілдері үшін құнды оқу құралы, сонымен қатар, осы елдің оқырмандары үшін қызықты әдеби шығарма болады.
– ЕМУ Қазақстанның Армениядағы Елшілігімен бірлесе отырып, бірегей жаңа «Абай-175» мерейтойлық кітабын шығаруды жоспарлап отыр. Кітап үшін арнайы алғы сөз жазылып, оған армян тілінде алғаш рет шығатын «Қара сөздер» енеді. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» дилогиясы негізінде фундаменталды эпикалық романын қайта басып шығару жоспарланған. Бұл роман армян тілінде жарияланды, бірақ содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті, – деді ол.
Абай шығармаларын армян тіліне аударуды тәжірибелі армян аудармашысы Варужан Хастур жүзеге асырады. Ол Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев, түркімен әдебиетінің классигі Мақтымқұли Фраги, сонымен қатар, Омар Хайямның шығармаларын аудару арқылы танымал болды.