Алматы облысында өткен отбасылық байқауда Шамалған ауылынан шыққан қарасайлық Лаубаевтар отбасы ІІ орынға ие болды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Күні кеше Талғар ауданында 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай облыстық «Үлгілі отбасы» жас отбасылар байқауы өтті. Алмат облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл жарысқа облысқа қарасты қала мен аудандардың намысын қорғаушы командалар белсенді түрде қатысты.
Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр , спорттық қабілет сыналатын айтулы байқауға Қарасай ауданының абыройын қорғау үшін Шамалған ауылынан шыққан Лаубаевтар отбасы қатысты.
Көпбалалы отбасы жарыстың барлық кезеңінен сүрінбей, жақсы нәтиже көрсетуге тырысты. Десе де жеңіс пен жеңіліс қатар жүретін мұндай додада қарасайлық отбасыға ІІ орынның жүлдесі бұйырыпты. І орынды Ұйғыр ауданы алса, үздік үштікке Еңбекшіқазақ ауданы ілінген.
Үйдің отағасы Талғат бастаған қарасайлық команданың мұндай жетістіктері жетерлік. Ерлі-зайыпты Талғат пен Мәдина осы уақытқа дейін талай спорттық бәсекеде топ жарып, жеңістің дәмін татып үлгерген.
Олар биылғы облыстық байқауда ІІ орынды қанағат тұтып, 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификатқа ие болды. Аудан абыройын асқақ етіп, облыстық деңгейде жеткен жетістігі құтты болсын дегіміз келеді.
Айта кетейік, Лаура мен Талғат бүгінде төрт баланың ата-атасы. Екеуі де Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт мектебінде бапкерлік қызметте еңбек етеді. Олар 29 жасында көпбалалы отбасы атанған.