Қарасайлық көпбалалы 13 отбасы үшін бүгін ерекше күн. Барлығы да Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» және «Оңтүстік» ықшам аудандарынан сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға ие болып, қуанышқа кенелді. Олардың арасында алтын және күміс алқа иелері бар отбасыларды аудан әкімі Жандарбаек Далабаев құттықтап, өз қолымен үйлердің кілттерін табыс етті. Жанұяның осындай шаттыққа бөленуіне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы себепші болып отыр. Анығын айтқанда, 2019 жылы аталған бағдарламаның аясында республикалық және жергілікті бюджеттерден көпбалалы отбасыларға баспана сатып алу үшін қаржы қарастырылған. Бүгін, міне, бағыты айқын бастаманың арқасында Қарасай аудандық тұрғын үй комиссиясының шешімімен анықталған кезектілік тәртіппен 13 отбасы үйлі болды. Аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы алдымен «Қарлығаш» ықшам ауданына қоныстанған тұрғын үй иелерін құттықтап, пәтер кілттерін табыстады.
Айтулы күнді асыға күткендердің арасында 5 баланың анасы Лаура Ауелбекова да бар. Отағасы екеуі мемлекеттің осындай уақытша болса да баспаналы болуға мүмкіндік сыйлағанына ерекше алғыстарын жеткізді.
Дәл осындай қуаныш иелерінің бірқатары «Оңтүстік» ықшам ауданындағы кең бөлмелі жер үйлерге орналасты. Аудан әкімі Жандарбек Далабев мұндағы көпбалалы отбасыларды да арнайы құттықтап, баспана кілтін табыс ете отырып, ыстық ықыласты лебізін білдірді. Ал, жаңа қоныстанған жарасымды жандардың бірі – Жылысбаевтар жанұясы бұл қуанышты асыға күткендерін айтады.
Осылайша қарасайлық бірқатар көпбалалы отбасы мемлекеттік бағдарламаның аясында баспана бақытына ие болды. Қуаныштары ұзағынан болғай.