Қарасайда облыс көлеміндегі алғашқы мақал-айтыс өтті

Қарасайда облыс көлеміндегі алғашқы мақал-айтыс өтті

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Былтыр Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы жариялана салысымен онда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар Жетісу жерінде де бірден қолға алынғаны белгілі. Бағдарламаның өзектілігі мен терең мағынасын жете түсіндіріліп, әр аудан, қалалардан ұтымды ұсыныстар мен тың жобалар жинақталып, іс-жоспары бекітілген болатын. Бұл ретте қарасайлықтар тарапынан жасөспірімдер арасында мақал-айтыс өткізіп, кейінгі буынға сөз құдіретін дәріптеу қажеттігі алға тартылған еді. Ұсыныс жай сөз күйінде қалмай, таяуда ғана ауданымызда алғашқы іріктеу жарысы өтіп, осы ерекше сөз сайысы көптің көңілінен шыққан. Ал, бүгін, міне, Қаскелең қаласындағы мәдениет үйінде «Мақал – сөздің мәйегі»  атты өңірлік байқау болып, жалпы жетісулық жеткіншектер салт-дәстүріміздің ажырамас бөлігі, Ұлттық Кодымыз болып табылатын, бойына үлкен мән жасырған ұтымды сөз тіркестерін қаншалықты жақсы білетіндіктерін байқатып, жарысқа түсті. Биыл бірінші рет Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының және Қарасай ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отырған байқау тізгінін айтыс аламанының жүйріктерінің біріне айналып үлгерген жас ақын Сырым Әуезхан ұстады. Ал, танымал жазушы Жұмабай Шаштайұлы төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің жетекші сарапшысы, медиация бойынша үйлестірушісі әрі журналист Нұрсәуле Әлтекова, белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Ақлима Көсемова болды.

Алдымен сахна төріне шақырылған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башпаев байқауды өткізу жөніндегі идея мәдениет және өнер жанашыры, аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтікі екенін айта келе, оны іс-жүзіне асыруға қолдау көрсеткені үшін де көпшілік алдында ризашылығын білдірді. Мақал-мәтелдің тәрбиелік мәніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мұнан кейін 19 үміткер ортаға шақырылып, жеребе арқылы реттік сандарын белгіледі. Сөйтіп, бірнеше бөлімнен тұрған байқау басталып жүре берді. Алғашқы «Тақырып айтыс» кезеңінде сахнадағы арнайы тетігі бар ойын үстеліне тұрған қатысушылар кездейсоқ таңдалған тақырып аясында көбірек мақал-мәтел айтуға тырысты. Мұнан кейінгі «Жоғалған сөз» бөлімінде ой ұшқырлығы мен саусақ жылдамдығы да қатар сыналып, оқушылар мақалдағы сөз тіркестерін толықтыруға асықты. Сондай-ақ, жеңіске ұмтылған жасөспірімдер жүргізушінің айтқан мақалынан бір сөзді іліп алып басқа мақал құрап та жарысты. Бұдан бөлек, сирек кездесетін сөз тіркестерін жалғап, қанатты қағидалардың түпкі маңызын да аша түсті. Бірі алғырлығымен таң қалдырды, бірі сасқалақтап білгендерін ұмытты. Осы кезеңдерден сүрінбей өткен бес қатысушы ақтық айналымға шығып, кіл күштінің арасынан кім күштіні анықтауға кірісті. Ал, зал толы жанкүйерлер ду-қол шапалақпен оларға қолдау көрсетті. Нәтижесінде, бас жүлдені Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Серік Абдрахман жеңіп алды. Оған арнайы Диплом мен 100 мың теңге қаржылай сыйлық берілді. Ал,  І орынға ие болған Ақсу ауданынан келген Іңкәр Жақсыбековаға 90 мың, ІІ орынға қол жеткізген алакөлдік Диана Кабдикаримоваға 80 мың, үздік үштікті аяқтаған талдықорғандық Балжан Қадыржановаға 60 мың теңге сыйақы тапсырылды. Сондай-ақ, өзге қатысушылар да Алғыс хаттармен марапатталды. Сөз соңында осы байқаудың жақсы өтіп, ұйымдастырылуына зор үлес қосқан аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиевтің еңбегін ерекше атап кеткен жөн.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях