Гонконг зерттеушілері Қытайда тарап жатқан жаңа коронавирусты емдеуге арналған вакцина жасап шығарды. Алайда қазіргі уақытта оны қолдану мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Екпе құралын тек барлық тиісті сынақтардан өткізген соң ғана пайдалануға болады. «South China Morning Post» басылымының жазуынша, екпені жануарларға салып зерттеу үшін бірнеше ай уақыт кетеді екен, ал, адамдарға сынау жұмыстары тек 2021 жылы ғана басталмақ.
Еске сала кетсек, пневмонияның жаңа түрінің таралып жатқаны туралы ақпарат 2019 жылдың 31 желтоқсанында белгілі болған еді. Індеттің ошағы Қытайдың 11 миллион тұрғыны бар Ухань қаласы болып отыр. Бүгінгі таңда Қытай билігі қалаға кіріп-шығу жолдарының бәрін жапқан.
ҚХР Мемлекеттік денсаулық сақтау істері жөніндегі комитет өкілі Синван Лидің мәлімдеуінше, вирус адамнан адамға көздің шырышты қабығы арқылы да жұға беретін көрінеді. Егер вирус адамның қол терісіне түссе, содан соң адам қолымен көзін сүртсе немесе уқаласа, ауруды бірден жұқтырып алады. Синванның хабарлауынша, ауру жұқтыру қаупін азайту үшін қолды жиі жуып, бетперде киіп жүру керек.