Қала ішінде бірқатар ақылы автотұрақ қызметтерін ұсынатындар ертеңнен бастап тегін жұмыс істеу режіміне көшті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Zakon.kz және Egemen.kz сайттарына сілтеме жасап.
Алып шаһарда көліктің саны едәуір көп екені белгілі. Қалада карантин болғандықтан, кейбір автотұрақ қызметін ұсынушылар жүргізушілер үшін жеңілдік жасауда.
«Алматы СпецТехПаркинг Сервис» ЖШС директоры Марат Принбековтің мәлімдеуінше, алматылықтарға ертеңнен бастап тұрақ үшін ақы төлемеуге болады. Алайда, мұндай қызмет қанша уақытқа дейін созылатынын айта алмады.
Ал, «A-Parking» қызметі БАҚ өкілдеріне былай дейді: «Достар, Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайға және карантин жариялануына байланысты, қаладағы біздің құзырымыздағы барлық ақылы тұрақтар 21 наурыз бен 15 сәуір аралығында ақысыз жұмыс істейтін болады.
Көлік қоюдың барлық тәртіптерін сақтауды өтінеміз:
- белгіленген сызықтарда автокөліктерді дистанциялық қашықтық сақтай отырып қою;
- тек қана автокөлік қоятын жерлерде көлік қалдыру;
- жедел қызмет көліктері жүретін жолдарды жаппау;
- көлік қоюға тиым салынған жерлерде көлік қалдырмау.