Алматы қаласында 1400-ден астам екі қабатты тұрғын үй бұзылады деп жоспарлануда, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылмы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Алматы қаласында ескі үйлерді бұзуға қатысты бағдарлама жасалып жатыр. Оны «ПКС» ЖШС әзірледі. Қазіргі уақытта бағдарламаны барлық мүдделі тараптар мақұлдау үстінде. Қазіргі мәлімет бойынша, мегополис аумағында бұзылуы тиіс 1 400-ден астам екі қабатты үй бар», – деп хабарлады «Алматы қаласы әкімдігінің «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС.
2020 жылы Түрксіб ауданындағы Ж.Молдағалиев, Л.Толстой, Чернышевский, Сауранбаев көшелеріндегі ескі үйлер бұзылады.
«Үйлері күреліп тасталған тұрғындар үшін 62 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Түрксіб ауданындағы бұзылған үйлердің тұрғындарын көшіру үшін Станционная және Осипенко көшелерінде 59 пәтерлік екі көпқабатты үйдің салынып жатыр», – деп атап өтті компания.
Бұзылған үйлердің тұрғындарын көшіру кезінде айырбастау келісімі жасалады, пәтер иелері жаңа стандартты талапқа сай, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерден баспана алатын болады. Айырбастау үшін ақшалай өтемақы қарастырылмаған.