Алматы облысының жаңа әкімі басқарма басшысына сөгіс берді

Алматы облысының жаңа әкімі басқарма басшысына сөгіс берді

Халықты көмірмен қамтамасыз етуді нашар ұйымдастырғаны және қанағаттанарлықсыз жұмысы үшін Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновке сөгіс берілді,  деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен аудан, қала әкімдеріне ескерту жасалып, 15 күннің ішінде жағдайды түзету тапсырылды. Егер тапсырма орындалмаса, оларға қатаң шара қолданылатынын облыс әкімі Қанат Бозымбаев ескертті.

Айта кетейік, Алматы облысында көмірге қатысты жиын өткізген Қанат Бозымбаев жауаптылардың жұмысын нашар деп бағалады.

– Жылыту маусымы басталғалы облысымызға қажетті қатты отын көлемі әлі толық жеткізілген жоқ. «Қаражыра» кен орнынан әкелінген көмір көлемі 300 мың тоннаға жуық немесе 54% ғана құрап отыр, бұл өз кезегінде халықтың көптеген наразылығын тудыруда. Осыған байланысты қазіргі жиында жылыту маусымының өту барысын қарастырамыз, – деді Қ.Бозымбаев.

Көмір бағасының қанша екенін сұраған Қанат Алдабергенұлы басқарма басшысының «Көмір бағасы 14-16 мың теңге көлемінде» деген жауабына көңілі толған жоқ.

– Мендегі мәлімет басқа. Мен көмірдің көтерме бағасын емес, тұрғындарға сатылатын бағасын сұрап отырмын. Халық қазір көмірді 23-30 мың теңге арасындағы сомаға сатып алып отыр. Неге бұлай? Ең алдымен көмір жетіспеушілігін болдырмау керек. Екіншіден, бағаның көтерілуіне жол бермеу керек. Егер көмір жетпей жатса, бағаны қалай ұстап тұра аласыздар? Жұмыстарыңыз нашар, – деді Қ.Бозымбаев.

Жиын барысында облыс әкімі Қанат Бозымбаев қысқы отынмен жеткілікті көлемде қамту, темір жол арқылы тасымалдау мәселелері бойынша тиісті акционерлік қоғамдардың басшыларымен сөйлескенін, олардың барлығы облысқа қажетті қолдау көрсететінін айтты. «

– Халықты көмірмен қамту шаралары уақытылы қабылданып, бағалардың өсуіне жол берілмеуін қатаң тапсырамын. Халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын осал топтарына көмірді коммуналдық автокөліктермен жеткізіп беру ұйымдастырылсын. Әр аудан, қалада көмір тасымалдаумен кімдер айналысады, қандай көлікпен тасиды, бәрін біліп отырсыздар. Сондықтан оларды шақырып, тиісті калькуляция жасап, келісім негізінде шекті бағаны қою керек. Оған көнбей ме, көмір тұйықтарына жібермеңіздер. Бағаны бақылаңыздар. Көмір жетіспеушілігінен халық зардап шекпеуі керек! – деді Қанат Бозымбаев.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях