Тұңғыш Президент күніне орай Алматы қаласында Алматы облысының мәдени күндері өтті. Мәдени күндерді қорытынды шара ретінде Республика сарайында облыс өнерпаздарының «Жұмақ мекен – Жетісу» атты концерті түйіндеді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған ардагерлер, зиялы қауым өкілдері алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мұнан соң Республика сарайының фойесіне қойылған облыстың өнер көрмесін аралады. Онда С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханадан облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген кітаптар, электронды кітаптар, М. Тынышпаев өлкетану музейінен, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан, ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінен, Көркемсурет галереясынан әкелінген қолөнер бұйымдары, шежірелі фотосуреттер, картиналар, түрлі жәдігерлер қойылды.
[su_custom_gallery source=»media: 14511,14509,14506″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]
Концерттің шымылдығын Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы ашса, өз кезегінде оңтүстік астананың басшысы Бақытжан Сағынтаев та ізгі тілегін білдірді.
Аталмыш шара барысында Сүйінбай атындағы облыстық филаромония, «Алтынай» халықтық би ансамблі, «Құлансаз», «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері және басқа да ұжымдары өнер көрсетті. Алматылықтарға ерекше көңіл күй сыйлаған шарада опералық, ретро және заманауи әндер, халықтық би, оркестрлік шығармалар ұсынылды.
Концерт барысында Алматы облысының көрікті орындары, Талдықорған қаласының жаңарған келбеті сахнадағы үлкен экраннан, барынша айшықталып көрсетіліп, ән-бимен қоса өріліп отырды. Сөйтіп, екі күнге созылған Алматы облысының мәдени күндерін түйіндеген мазмұнды концертке алматылықтар ризашылықпен қол соқты.
Жалпы, екі күнге жалғасқан Алматы облысының мәдени күндері алғашқы күні Алматы қаласының тарихи музейінде Балпық бидің 320, Мұхаметжан Тынышпаевтың 140 және Ілияс Жансүгіровтің 120 жылдықтарына орай ұйымдастырылған «Бақ мекен – Жетісу» атты жылжымалы көрмемен басталған болатын. Сол күні алматылық көрермендерге Б. Римова атындағы драма театрының әртістері М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» ұлттық комедиясын ұсынды.
Ал, келесі күні күні Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында Жастар жылы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген жетісулық 20 жас ақынның кітаптарының тұсаукесер рәсімімен жалғасты. Одан кейін, «Қуыршақ» театрында кішкентай көрермендер жазушы Д.Исабековтің «Құстар фестивалі» қойылымын тамашалады.