Бүгін Алматы облысы әкімдігінде облыс басшысы Амандық Баталовтың төрағалығымен Президент Жолдауындағы міндеттерді орындауға қатысты актив жиыны өтті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға аудандар мен қалалар селекторлық режимде қосылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауын Жетісу жұртшылығы үлкен ықыласпен тыңдағанын айта келе, облыс әкімі Жолдауда белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы облыстың атқарушы органдарының жұмысы туралы кеңінен баяндады.
Облыс басшысы Президенттің мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру, жаңа жағдайдағы экономикалық даму талаптарына орай өңірдегі жағдайға тоқталды. Бұл орайда стратегиялық маңызды бағыттардың бірі ретінде Президент өңдеу секторын, ауыл шаруашылығын дамытуды тапсырған болатын.
– Бұл біз үшін өте маңызды, себебі еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 17 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Осы орайда, орынбасарым С.Тұрдалиевке, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларына, аудан, қала әкімдерімен бірлесе отырып жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу, суару жүйелерін жаңғырту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді А.Баталов. Осы ретте облыс басшысы Еңбекшіқазақ сияқты аса ірі ауданда өңдеу саласын дамыту жағын қолға алу керектгін жеткізіп, осы ауданның әкіміне аталған мәселемен айналысуды тапсырды.
Сол сияқты Жолдауда шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 2025 жылға қарай 35% дейін арттыру талабы қойылды. Облыста бұл көрсеткіш – 32,5%. Амандық Ғаббасұлы осы деңгейде тоқтап қалмай, оны одан әрі арттыруға жұмыс істеу керектігін ескертті.
Жолдаудағы басты басымдық – халықтың әл-ауқатын арттыру міндетіне орай облыс әкімі халықты қолжетімді тұрғын үй қамту, оқушыларға қашықтан білім беру, денсаулық сақтау саласын дамыту жайлы айта келе, былай деді: «Қанша елді мекенде алғашқы медико-санитарлық көмек нысандары жоқ, соны анықтауды тапсырамын. Көліктік медицина мәселесін зерделеп, пролемаларды шешу бойынша ұсыныс беріңіздер».
Жиын соңында А.Баталов Жолдау міндеттерін жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын әзірлеп, орындалу мерзімін нақтылап, іске асыруға белсене кірісу керектігін айтып, тиісті сала басшыларына міндеттер жүктеді.