Алматы облысында ҚХР-дан келген қазақстандықтар әлеуметтік төлем алу үшін жалған құжаттарды пайдаланған, – деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
Істі Алматы облысы бойынша ЭТД және Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының қызметкерлері тергегені хабарланды. Олар ҚХР-дан келген Қазақстан азаматтарына әлеуметтік және зейнетақы төлемдерін алуға құқық беретін жалған құжаттарды дайындаумен және өткізумен айналысатын адамдар тобын әшкереледі.
«Тексеру барысында ҚХР-дың түрлі ұйымының мөртаңбасы мен мөрлерінің жалған бедерлері, нотариустың мөрі мен қолы бар нотариаттық бланкілер, кесуге арналған станок және басқа да заттар табылды және тәркіленді. Олардың көмегімен әртүрлі жалған құжат жасалған: еңбек кітапшалары, туу туралы куәліктер және неке туралы куәліктер», – деп хабарлады ведомстводағылар.
Осы іс бойынша тергеу жүріп жатыр.