Талдықорған қаласында сыбайлас жемқорлықпен күресу шараларына жаңаша серпін беретін «Antikor» орталығы ашылды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашық кеңсе қалыбында қызмет көрсететін орталық құзырлы органдар мен тұрғындардың арасындағы байланысқа дәнекер болмақ. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында қоғамда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын кеңінен насихаттап, саяси жүйені ашық әрі тұрғындарға қол жетімді бағытқа қарай бұру міндеті айтылған еді. Оның ішінде сыбайлас жемқорлықпен күресу ісінде мейлінше жариялы болу талабы күн тәртібіне шығып отыр. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің барлық аймақтағы департаменттерінде «Antikor» сервистік қызмет көрсету орталықтары ашылуда. Талдықорғанда есігін айқара ашқан орталық та енді осы бағытта жұмыс істейтін болады.
Айта кету керек, Алматы облысындағы «Antikor» орталығы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың бастамасымен ашылған республика көлемінде 14-ші өңір болып табылады.
Орталықтың ашылуына облыс әкімі Амандық Баталов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облыстық департаментінің басшысы Ернар Мақажанов қатысты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы бойынша жұмыс істеуді айтты. Бұл бағыттағы ең бірінші талап – көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен халыққа жақын болуы. Ал сыбайлас жемқорлықпен күресу үнемі басты назарда. Халықпен тікелей араласып, мұң-мұқтажын тыңдауға, тиісті мекеме басшыларымен кездесу өткізуге, тұрғындардың талабын орындауға осындай орталықтар қызмет етуі керек. Біз облыс аумағында open space бағытында жұмыс істейтін орталықтардың жұмысы жандандыра береміз, – деді өз сөзінде облыс әкімі Амандық Баталов.
«Antikor» орталығының мәжіліс залында апта сайын тілшілер үшін брифингтер, онлайн-конференциялар, мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен әлеуеметтік желіде тікелей эфирлер өткізілетін болады. Сонымен қатар, аталған мекеменің ғимаратында келушілер үшін де қолайлы жағдай жасалып, күту залы және балаларға арналған ойын бұрыштары жабдықталған.
Жаңа нысан қызметкерлері қазіргі кезде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жұмыстарын қашықтықтан жүргізуге мәжбүр. Соған орай 1424 нөмірлі тікелей желі жұмыс істеп тұр. Бұған хабарласқан адам басындағы жағдайды хабарлап айта алады.