Алматы облысы әкімінің өкіміммен, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Нұрлан Ерғалиұлы Әбдірахым Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы. Бұл облыс әкімдігінің ресми парақшасы жария етті.
Нұрлан Ерғалиұлы 1980 жылы дүниеге келген. 2001 жылы «Қайнар» университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген, 2016 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі «Саясаттану» мамандығы бойынша әлеуметтік білім магистрі академиялық дәрежесін алған.
Еңбек жолын 1999 жылы «Джакубаев Д.М.» ЖК аға заңгері болып бастаған.
Әр жылдары «Астанаэнергосервис» ААҚ тұтынушылармен жұмыс жөніндегі қызметтің жеке тұлғаларға қызмет көрсету бөлімінің №2 абоненттік учаскесінің бақылаушысы, «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ЖАҚ тағылымдамашысы, ҚР Әділет министрлігінің Заңнама департаментінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, директорының орынбасары, Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу департаментінің директоры, Заңға тәуелді актілер департаментінің директоры, Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы, ҚР Әділет министрінің кеңесшісінің міндетін атқарушысы болып қызмет атқарған.
2012-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2019-2021 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы лауазымдарын атқарды.
2021 жылдың мамыр айынан бүгінгі күнге дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
«Құрмет» орденінің иегері.