Бүгінгі таңда облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында 720-дан астам адамға шағын несие берілді, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Мемлекеттік қолдауына ие болған кәсіпкерлер жайлы жақында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры Диас Шаяхметов мәлімдеді.
Талай жанның экономикалық жағдайын арттыруды көздеп, ауылдағы ағайын үшін жағымды жаңалыққа айналған жобаның басты мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту мен ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеру.
Белгілі болғандай, өткен жылдың мамыр айынан бастап Алматы облысының кәсіпкерлерін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржыландыру жүйесі өз жұмысын бастаған болатын. Анығын айтқанда, 2023 жылдың мамыры мен биылғы жылдың ақпаны аралығында «Қонаев» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы » АҚ-ға 10,6 млрд теңге сомасына тұрғындар тарапынан 1450 өтінім болғаны нақтыланды. Оның ішінде 1045,6 млн теңге сомасына ауылдық кәсіпкерлік кооперативтерден 41 өтінім келіп түскен. Облысқа қарасты аудандары арасында өтінімдер саны бойынша Еңбекшіқазақ, Кеген және Ұйғыр аудандарының кәсіпкерлері көш бастап, шаруашылық жұмысын жасауға ниетті екендерін көрсетті.
«Жоба аясында ауылшаруашылығы, мал және құс шаруашылығына басымдық береміз. Сауда-саттық жүргізу үшін несие берілмейді. Бағдарлама арқылы несиелеуге қатысу үшін кепіл, бизнес жоспар және ауылдық жерде тұрғылықты тіркеуде болу керек», – деді Диас Шаяхметов
Сондай-ақ департамен директорының мәлімдеуінше, қаржыландыру мерзімі кооперативтер мен мал шаруашылығына 84 айға дейін берілсе, айналым қаражатын толықтыруға 36 айға дейін қарастылған.
Қазіргі таңда «Қонаев «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жеңілдікпен кредиттеуге түскен өтінімдердің ішінен жалпы сомасы 8 174,1 млн теңгеге 1129 өтінім мақұлданды. Оның ішінде 720 қарыз алушыға жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеге қарыз берілді.
Сонымен қатар, Диас Шаяхметов брифинг барысында несиенің ең жоғары қаражатын айтып өтті. Ең жоғары сома – 2,5 мың АЕК немесе 8,6 млн теңге.