Қарасай ауданының 90 жылдығына орай халықаралық айтыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Қарасай ауданының 90 жылдық мерейлі мерекесі жалпақ жұртпен кешеден бері тойлануын бастап кеткен болатын. Сәрсенбінің сәтінде дүбірлі той алдымен аудандық Мәдениет үйінде «Қарасай батыр – ұлы даланың тарихи тұлғасы» атты ғылыми-практикалық конференциямен басталса, кейін «Қарасай – қасиетті атамекен» атты кітаптың тұсаукесері болған еді. Жиынның жалғасы Жастар театрының сахналауымен «Қарасай батыр» спектаклімен ұласты. Ал, түстен кейін қарасайлықтар мен алыс-жақыннан келген қонақтардың біраз күннен бері асыға күткен халықаралық айтыспен жалғасты. Республикамыздың түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, шекаралас елдерден келген от ауызды, орақ тілді шайырлардың басы аудандық Мәдениет үйінің сахнасында бірікті. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын өнер сүйер қауымның қарасы да қалың болды. Суырып салма өнердің хас шеберлері Елбасының рухани жаңғыру идеясы аясында «Киелі өлкем – Қарасай» атты тақырыптың аясында сөз маржанын теріп, ұтымды ойларын ортаға салып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Қасиетті Қарасай жерінің торқалы 90 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыстың аламанында Жандарбек Бұлғақов, Балғынбек Имашев, Бекарыс Шойбеков, Мұрадым Мирлан, Қуаныш Шарманов, Алтынкүл Қасымбекова, Жалғас Садыр, қырғызстандық Эламан Келдібек, Қытай елінен Ерлан Аманқожаұлы, Өзбекстан Республикасынан Талғат Орынбеков және Қарасай ауданының атынан қатысқан Аяулым Жұмабек пен Сырым Әуезхан сынды кіл жүйріктер сөз таластырды. Қара қылды қақ жарған қазылардың да қатары осал болмады. «Ана тілі» газетінің бас редакторы, журналист, ақын Жанарбек Әшімжан төрағалық еткен бағалаушылардың арасында облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы, «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев және белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаров болды. Ал, айтысты Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Серік Қалиев жүргізіп отырды. Өз кезегінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев айтыстың алдында ақындарға сәттілік тілеп, арнайы келгендеріне алғысын жеткізді.
[su_custom_gallery source=»media: 12828,12832,12831,12830″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″ title=»never»]
Дүбірлі тойдың қарсаңында жиналған дүлдүл ақындардың ортада оймақты ой айтып, әзіл-шыны аралас сөз жарыстыруы көрерменнің көңілінен шықты десек те болады. Өйткені залдағы қиқу мен ұзақ соғылған қошемет соның белгісін аңғартқандай. Қашанда елдегі өзекті мәселені тілге тиек ететін ақындар бұл айтыста ауданның тарихы мен жеткен жетістігіне ерекше тоқталды. Бірі өз ұсыныстарын ортаға салып жатса, енді бірі артық-кемшіліктерді де сөз етіп жатты. Алуан жүйріктердің әліне қарай шабу заңдылығын ескерсек, бұл аламанда да жеңімпаз бен жүлдегерлер болды. Қазылардың бір ауыз шешімімен Бас жүлде мен 1млн теңге тараздық Алтынкүл Қасымбековаға бұйырса, І орынды шайыр Бекарыс Шойбеков иеленді. Жүлделі ІІ орын Жандарбек Бұлғақовқа беріліп, ІІІ орынның жүлдесі екі ақынға бұйырды, олар: Қырғыз елінен келген Эламан Келдібек пен белгілі ақын Балғынбек Имашев болды. Осылайша, айтыскерлер қарасайлықтардың назарына ерекше айтыс ұсынып, халықты риза етіп, көңілдерін бір серпілтті.