Айдос САРЫМ: «Президент өзінің партиясына емес, елге басшы болуы тиіс»

Айдос САРЫМ: «Президент өзінің партиясына емес, елге басшы болуы тиіс»

Биылғы жылдың басты оқиғасы – қаңтардағы көтерілістен кейін елде саяси өзгерістер орын алып, әр салада реформалар жүргізілуде. Тіпті, заң тұрғысынан да елді елең еткізетін бастамалар орын алуда. Осының басы-қасында жүріп, Үкіметке халықтың үнін жеткізетін мәжіліс депуттаттары екенін білуіміз керек. Олар түйіткілді мәселені қозғап, түрлі саладағы олқылықты түзеуге белсенділік танытуы тиіс. Сондай халық қалаулыларының бірі болып табылатын Айдос Сарымды көбісі жақсы таниды. Қашанда пікірін ашық білдіретін мәжіліс депутатымен талайдан бері сұхбаттасуды жоспарлап едік. Соның сәті осы аптаға түсті. Жүзбе-жүз көріспесек те телефон арқылы біраз мәселенің айналасында әңгіме өрбіттік.

– Айдос Әміроллаұлы, «Жаңа Қазақстан» деп аталатын депутаттық топ құрылғаны белгілі. Оның құрамында өзіңіз де барсыз. Жалпы осы топтың мақсаты қандай? Неге оның құрамына 31 депутат кірді?

– Қаңтар қасіретінен кейін бірнеше мәселе туындады. Оның ішінде ұлттық бірлікті қамтамасыз етуді айтуға болады. Бұл ретте Президентке барынша саяси қолдау қажет. Ел ішінде шешілмей жатқан ірі-ірі мәселелер көп. Соларға мән беруіміз керек. Ол жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бірқатар мәлімдемесінде айтты. Мәселен, «Хоргос» шекаралық аймағы, «Алтын орда» базары сияқты елдегі үлкен дау туғызатын жайттарды айтуға болады. Қазіргі уақытта саяси арнадан, экономикалық үдерістерден алыстатылып жатқан топтар бар. Олар әлі-ақ қарсыласады. Осыны ескере келе, елдегі әр партия өз жағына тартпай, парламенттік бақылау тұрғысынан және заңды түрде Президенттің бастамасына қолдау білдіруміз керек деген ұсыныс болды. Міне, осы мақсатта «Жаңа Қазақстан» деген депутаттық топ құрылды. Оның жарғысы және мәжілістің заңымен бекітілген тәртібі бар. Қазіргі таңда құрамындағы адамдар саны артуда. Аталған депутаттық топ өзінің жұмысын үйлестіру үшін кез келген мемлекеттік органнан ақпарат сұратуға, жергілікті басшыларды шақыртып, көтерілген мәселеге қатысты әңгіме қозғауға қашанда дайын. Біздің жұмысымыз басталып та кетті. Осы аптада еліміздің әр өңіріне іссапармен жолға шықтық. Жоғарыда айтып кеткендей, «Хоргос» шекаралық аймағы мен «Алтын орда» базарына қатысты мәселелерге көңіл аударамыз. Аймақтағы қоғамдық кеңестермен, мәслихат депуттарымен бірлесе отырып жұмысты бастайтын боламыз.

– Сіздер – халықтың үнін жеткізуші азаматсыздар. Үкімет тарапы осы депутаттарды тыңдай ма? Өйткені әріптестеріңіздің сауалдары талай ескерусіз қалып жатқанын байқаймыз. Неге олай?

– Иә, бұл туралы осыған дейін көп әңгіме айтылды. Мәселен, формальды жауап деген сияқты. Осының басын ашып алу үшін жақында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған басқа да он шақты вице-министрмен кездесіп, бәріміз сөйлестік. Былай қарағанда жұмыс орнымыз Үкіметтен қатты алыс емес. Ары кетсе 150 метрдей. Туындаған мәселеге қатысты хат алысып, уақытын, талабын күтіп отырғанша жауапты министрліктің бір өкілін бекітіп беруін сұрадық. Өйткені бәріміз жан-жақта жүреміз. Біраз түйіткілді мәселелер туындайды. Сол кезде бірден Үкіметке сауал жолдайтындай жолы қарастырылу керек. Кейін тиісті жауабы айтылуы тиіс. Яғни, мынау жақын тез арада шешіледі, оған хат жазудың қажеті жоқ, оны білеміз дегендей. Оның ішінде әділеттілікті орнату, тікелей адамдарға көмектесу және тағы басқалары бар. Сондай бір жүйені ретке келтірмесе халық әбден қажыды. Үкіметке, облыс әкімдеріне хат жолдау, оны 15 күн күту, одан кейін ол дер кезінде шешілмесе, шынымен шаршатады. Алдағы уақытта реформа аясында Мәжіліс пен мәжіліс депутаттары туралы заңды өзгерту деген ойымыз бар. Өйткені Үкіметтің жауабына көп көңіліміз толмай жатады. Неге десеңіздер, олар біздің ұсынысымызға бір ғана жауап қайтаруға құқығы бар. Мысалы, бұл мәселені шешу үшін бюджеттен қосымша қаражат керек, сол үшін мұны қарастырмаймыз. Яғни, оны келесі жылға қалдырайық, сол кезде шешіліп қалады деуі әбден мүмкін. Әрине, бұл жауапқа ешкімнің көңілі толмайтыны анық. Менің ойымша, заңнамалық өзгерістерді енгізу қажет.

– Айдос Әміроллаұлы, сөзіңіз ауызыңызда. Осы сауал әңгіме арқау болған соң бір жайтты айтқым келеді. Былтыр Парламент қабырғасында сенат депутаты Нұртөре Жүсіп журналистер мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынған еді. Шынын айтқанда, бұл да ескерусіз қалған сияқты. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Оны біз де айтып жатырмыз. Арамызда Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан сияқты журналистер бар. Олар да осы мәселеге көп тоқталады. Атап айтқанда, журналистердің мәртебесі, оларды және зиялы қауым өкілдерінің қаламақысы сияқты дүниелерді айтып жатамыз.Ал министрлік болса, «иә», «қажет», «дұрыс» деп, нәтижесін көрсете алмайды. Тіпті, одан кейін екі-үш министр ауысып кеткен жағдай да болды. Бұл – шындық. Болашақта аталған мәселені кешенді шешу керек деп есептеймін. Алдағы уақытта әріптесім Жанарбек Әшімжан екеуіміз Алматыда журналистер қауымын жинап, бас қосып, қандай да бір механизмін қарастыру ойымызда бар.

– Президент өз сөзінде партия құрылымын қайта қарап және оңтайландыру арқылы өзінің ұйымдастырушылық тиімділігін арттыруы керек екенін айтты. Алдағы уақытта Сіз мүшесі болып табылатын «Nur Otan» партиясынан қандай өзгерістерді көреміз? Атап айтарлықтай нақты бір жұмыстар атқарылады ма?

Партия тарапынан өзгерістер болады. Оны келешекте көресіздер. Осы аптаның алғашқы күнінде фракцияның отырысы болды. Оның басшысы етіп, спикер Ерлан Жақанұлын тағайындадық. Жиын барысында депутаттар өз ойларын ағынан жарылып жеткізді. Нақты ұсыныстар бар. Жақында бұл туралы жарияланып, айтылатын болады. Қалай болғанда мығым, тез жұмыс істеу, формализм, бюрократияны азайту, шын партияның жұмыс істеу бағыттарына көшу, жасандылықтан қашу сияқты мәселелер алға қойылады. Мәселен, қазіргі уақытта «Nur Otan» партиясының аппараты қайта қаралуда. Сол тұрғыда біздің фракцияның құрылымы да қайта жасақталады. Жалпы айтқанда, біздің партияның мәжілістегі фракциясы пирамида тәрізді. Аймақтық филиалдар, мәслихаттар, қоғамдық кеңестер соған жұмыс істеуі керек. Біз заң қабылдасақ, жоғарыда атап өткен қалалық, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары бұл заң қалай орындалуда ма, оның шикілігі бар ма, жоқ па дегеннен хабардар болуы қажет. Одан кейін олар тұрғындар сол заңның аясында қиындыққа тап болғанын айтып, нақты ұсыныстар жолдауы тиіс. Сонымен қатар, қоғамдағы мәселелерге бірден назар аудару да маңызды. Міне, партия тарапынан осы және басқа бағытта жұмыстар атқарылатын болады.

– Соңғы күндері Сіздің «Дариға Нұрсұлтанқызы отставкаға кетуі керек» деп айтқаныңыз халық арасында назарға бірден ілінді. Олай деуіңізге не себеп болды? Әріптесіңіз жайлы Сіз ғана солай ойлайсыз ба? Әлде басқа да депутаттар осы пікірде ме?

– Шынын айту керек, партиялық тұрғыдан бұлай айтқаным әдепке жатпайды. Оны білемін. Жалпы осындай мәселеге қатысты саясаттанушы ретінде бұрын сұхбаттарымда айтқан болатынмын. Халықаралық тәжірибеде мынадай нәрсе бар: кез келген партияның ішінде, белгілі бір министр, депутат, қандай бір қоғамның мүшесі қоғамның тарапынан үлкен сынға ұшырап жатса қызметінен кетуі керек. Яғни, саясаткер мен өз партиямды құрметтеймін, сыйлаймын, оның қатарында қаламын, бірақ осы қызметтен кетейінші деп ишарат танытуы тиіс. Кейін оған қатысты партия шешім шығаруы қажет. Мәселен, бұл адам олқылыққа жол берді,  алайда ол бізге керек азамат, резервте тұра тұрсын немесе мүлдем партиядан шығарылсын. Бұның барлығы – әлемдік партия мәдениетінен туындайтын шешімдер. Бастысы Дариға Нұрсұлтанқызына қатысты өз пікірімді айттым. Осы ойымда қаламын. Керек болса  жеке өзіне де айтуға дайынмын.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл соңына таман «Nur Otan» партиясын одан әрі басқару мәселесіне оралатанын айтқан болатын. Сіздің ойыңызша, Мемлекет басшысы партияны келешекте де басқарғаны дұрыс па? Ал егер ауысқан жағдайда бұл орынға кімді лайық көрер едіңіз?

– Партия төрағасының ауысуына қатысты әңгіме ұзақ болуы мүмкін. Ең бастысы партия өз ісіне кірісті. Қазіргі уақытта партияның басты мәселесі – өзінің жұмысын қайта құру. Осы бағытта жұмыс істейді. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы алда келе жатқан наурыз айында үлкен саяси реформаға қатысты өз ойын, басқа да бастамаларын қоғамдық ортаға салады. Оның ішінде де көп жаңалықтар болады. Менің ойымша, келешекте тиісті Конституциялық заңдарға өзгеріс енгізілуі керек. Тағы бір айта кетерлігі, өз қызметін атқарып отырған тұста Президент ешбір саяси партияның мүшесі болмауы тиіс. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Нақты айтқанда, Президенттік сайлау кезінде ол белгілі партияның атынан сынға түсіп, жақтастарының қолдауымен жеңіске жетіп жатса, кейін сол партиядан уақытша шығуы керек немесе уақытша сол ұйымдағы өкілеттігін тоқтатқаны жөн. Неге десеңіздер, ол азамат Президент ретінде өзінің партиясына емес, елге басшы болуы тиіс. Ал оның сол партиядағы әріптестері саяси тірегі, қолдауы бола алады. Егер Президенттік мерзімі біткенде, өзінің партиясына оралып, оның мүшесі немесе төрағасы болуға толық мүмкіндіктері бар. Әлемдік тәжірибеде, міне, осындай.

– Айдос Әміроллаұлы,  өзіңіз Алматыда туып өскендіктен бұл сұрақты қоймасқа болмас. Осы шаһардың әкімі ауысқанын қалай қабылдадыңыз? Жақында алматылықтар жаңа әкімін жақтыртпай петиция жинауға көшті. Ол дұрыс па?

– Біріншіден, мен өзім Алматыда туып, Алматыда өлетін қазақпын. Екіншіден, алматылықтар деп айтуға болмас. Ол жақта қарсы шыққандар шамамен 20 мыңдай адам. Яғни, бұл қалада 2 млн-дай адам тұрса, соның бір пайызы ғана деуге болады. Тіпті, белгілі бір белсенді топ десек те қателеспеспіз. Одан кейін мына бір нәрсені ескеру қажет: қол жинап жатқандардың барлығы алматылықтар немесе қазақстандықтар емес болуы да мүмкін. Бәлкім, шетелдіктер шығар. Сондықтан петицияға қатысқандардың кім екенін дөп басу айту қиын. Міне, бұл мәселе басты назарға алынып, Парламентте Қоғамдық бақылау туралы заң қайта қарастыралғалы жатыр. Соның бір бағыты – петиция. Яғни, бұл Үкіметтік ресурс болуы керек. Оған халық өзінің электронды сандық қолтаңбасы (ЭЦП) арқылы кіріп, өз өңірінің мәселесін көтеруі тиіс. Мәселен, белгілі бір құрылысты тоқтату деген сияқты. Осылайша халық өзінің азаматтық позициясын білдіру мүмкіндігіне ие болған дұрыс. Егер бұл көпшіліктің сұранысына сәйкес белгілі бір межеге жеткенде, мемлекеттік органның немесе Парламенттік тарапынан қарастырылып, оның нақты жауабы берілуі қажет. Жоғарыда айтып кеткен заң осымен байланысты. Сол мақсатта жұмыс атқаратын болады. Бұл осы жылдың көктем айында қабылданады. Міне, сонда ғана біз кімнің қандай өтініш беріп жатқанын, олар қайдан түскенін, қандай мәселе қозғап жатқанын байқай аламыз. Енді Алматының жаңа әкіміне оралсақ. Қазіргі уақытта оның қала басшысы болуына қарсы болғандарды естіп жатырмыз. Бірақ бұл бастаманы қоғамның бір бөлігі ретінде айтылған пікір деп қалдағанымыз дұрыс. Ерболат Досаевтың әкім болып сайланғанына көп болмады. Оның атқарған жұмысына бір немесе бір жарым жылдан кейін баға бергеніміз дұрыс шығар. Жеке басына қарап емес, істеген ісіне сын айтуымыз керек. Одан кейін қала басшысының да мақсат болуы тиіс. Анығын айтқанда, жұмысқа келгеніме көп болмады, қаладағы басты проблемаларды көріп түсініп алайын, қоғаммен тілдесейін, ашықтыққа дайын болайын деген түсінік қалыптасқаны жөн. Қысқасы, наразы топтың үдесінен шығатындай саясат жүргізгені дұрыс деп есептеймін.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіремін Алдағы жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях