АҚШ-тың Чикаго штатында фармацевт COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы жүзден аса куәлік сатқаны үшін 120 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы NBC Chicago порталына сілтеме жасап.
Федерал тергеушілер Чикаго тұрғыны Тангтанг Чжаоға 12 айып тағып отыр. Істің әрқайсы бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 250 мың доллар (106 миллион теңгеден аса) айыппұл салу көзделген.
Сот құжаттарына сәйкес, ер адам АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталықтары (CDC) беретін 125 вакцинация сертификатын сатты деп айыпталған. Тергеу мәліметі бойынша, Чжао сертификаттарды eBay интернет-дүкенінде 2021 жылдың наурыз-сәуір аралығында сатқан. Әр форма үшін ол он доллар сұраған. Айыптау қорытындысына сәйкес, жалпы алғанда Чжао 1270 доллардан (540 мың теңге) аса табыс тапқан.
Тергеушілер Чжао өзі жұмыс істеген дәріханадан CDC вакцинация сертификаттарын ұрлаған дейді. Ер адам Иллинойс штатының Солтүстік округінің сотында өзіне тағылған айыптарды мойындамады.
«Бүгін біз көріп отырған тұтқындау Чикаго аймағында алғаш рет болып тұр. Тергеу жалғасады. Жақын арада қосымша қылмыстық зерттеу болады деп үміттенеміз», – деді арнайы агент Сиобхан Джонсон.
Иллинойс штатының Қаржылық және кәсіби реттеу департаментінің дәрі-дәрмек жасау лицензияларын іздеу бөлімі Чжао ешқашан тәртіптік жауапкершілікке тартылмағанын, лицензияны 2018 жылы алғанын көрсетті.
ФБР Чикаго кеңсесінің арнайы агенті Эммерсон Бьюи Чжаоның әрекетін «COVID-19-ға қарсы күреске үлес қосқандарды қорлау» деп атады.
«Вакцина алмаған адамдарға COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы сертификаттарды саналы түрде сату, миллиондаған америкалықтардың өлім қаупіне душар етумен тең», – делінген Әділет департаментінің қамауға алу туралы баспасөз хабарламасында.
АҚШ Әділет министрлігі бұл оқиғаны тергеуді Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаментінің бас инспекторының басқармасы да жүргізіп жатқанын хабарлады.