Ұлт болмысын сақтай отырып, қазақ дейтін көне жұртты әлемдік дамудың алдыңғы шебіне алып шығудың нақты жолдарын ұсынған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында, руханият ордасы – кітапхана қызметкерлері де жаңаша өзгеру үшін, қызметтік міндеттерін мықтап қолға алды. Соған дәлел, 23 сәуір – Халықаралық кітап күніне орай, аудандық білім бөлімі жақында Шамалған ауылдық мәдениет үйінде «Кітап – рухани жаңғыру жолында» атты облыстық мерекелік шара өткізді. Шараға Алматы облыстық білім басқармасының бас маманы Бостан Айдос Мұқатайұлы, ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі Көсемова Ақлима Рахымбердіқызы және басқа да ауданның кітапхана ісіне жауапты мамандар қонақ болды.
Сонымен қатар, мектеп кітапханалары туралы слайд ұсынылып, аудандағы 51 мектептегі 83 кітапхананың атқарып отырған жұмысы жайлы, 1 503066 жалпы оқулық саны, оның ішінде 1 158 780 оқушыларға арналған оқулық, ал 344256 қөркем әдебиет оқулығы, 55 000 оқырманың бар екендігі жөнінде мәліметтер айтылып, кітаптың адам өміріндегі алатын орны туралы бейне ролик көрсетілді. Жамбыл ауылындағы №2 орта мектеп оқушылары кітап туралы өлеңдерін оқып, Үшқоңыр қазақ орта мектебінің ұжымы «Жыртылған кітап» атты көрініс ұсынды. Кітап – атадан қалған асыл мұра, көненің көзі, ескінің сөзі. Алайда, кітаптың тарихын біреу білсе біреу білмес, сол себепті аудан мектептерінің кітапханашылары кітаптың шығу тарихы туралы сыр шертті.
Иә, кітап – ең сабырлы ұстаз, үндемес серік. Осы кітапты ұқыптап ұстап, жас ұрпаққа аманат етіп тапсыратын адам ол – кітапханашы. Олардың еңбегін атап өтпеуге болмайды. Осында жиналған кітапханашылардың бойындағы кітапқа деген сүйіспеншілік зор, әр кітаптың әрбір бетін жан тәнімен сезіне білетін жандар. Сол себепті өмірін осы кітапқа арнаған, өз ісін сүйе білген, «Үздік кітапханашы» және осы кітапты болашақта жас ұрпаққа аманат етіп қалдыру керектігін ұғына білген «Жас кітапханашасы» номинациясы бойынша Сәтбаев орта мектептің кітапханашысы Садықова Раушан Құдайбергенқызына және Әлімқұлов орта мектебінің кітапханашысы Бұршақбаева Гүлжан Момушқызына лента тағылды. Белсене атсалысып және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан зор үлестері үшін облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен де марапатталынды
Шара концерттік бағдарламаға ұласты. Түстен кейін Қарасай батыр орта мектебіндегі музейге экскурсия жасалынып, соңы дөңгелек үстелге жалғасты.