Биыл 5,8 мың шақырым жол ақылы болады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту және көлік әлеуетін жүзеге асыру мақсатында 6 мың шақырым жол салынып, қайта жаңартылады. Ақы алу жүйесі 5,8 шақырым жолға енгізіледі», – деді Үкімет басшысы.
Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанның көрші елдермен темір жол легін өткізу қабілетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
«Қазақстан-Қытай және Қазақстан-Өзбекстан бағыттары бойынша темір жол легін өткізу қабілетін арттыру және «тар орындарды» алып тастау үшін Достық-Мойынты, Мақтарал-Дарбаза және Алматы стансасын айналма учаскелерге арналған темір жолдарды салу және жаңғырту жұмыстары басталатын болады», – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.