1 қаңтардан бастап дәрігерлердің жалақысы өсті, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова айтуынша, биылғы жылдың алғашқы күнінен бастап дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 30%-ға, медицина қызметкерлерінің табысы 20-ға өскен.
– 2019 жылдың қаңтар айында Елбасының тапсырмасымен дәрігерлердің ең төменгі жалақы мөлшері бір жарым есеге – 28 мыңнан 42 мың теңгеге өсті. Сонымен қатар, өткен жылдың маусым айында медициналық қызметкерлердің жалақы мөлшері тағы 30%-ға ұлғайды. Ал, Президенттің 19 маусымдағы бұйрығына сәйкес 2020 жылдың алғашқы күнінен бастап жоғарыда аталған мамандардың еңбекақылары тағы да көтерілді, – деді министрліктің жауапты хатшысы Б.Жақселекова.
Жалпы, медицина саласында еңбек ететіндердің жалақы мөлшері Тегін медициналық кепілдендірілген көмек шеңберінде және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде қаржыландырылатын денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігіне байланысты есептеледі.
Сондай-ақ, Ботагөз Жақселекованың айтуынша, алдағы уақытта ұжымдық келісімшарттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде және медициналық қызметкерлерге жалақының уақытылы берілуі қоғамдық бақылауға алынады. Ал, 2023 жылға дейін дәрігерлердің жалақысы кем дегенде екі есе өседі.