Алда келе жатқан еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы орай, бүгін аудандық Мәдениет үйінде Қарасай ауданы әкімінің «Жыл үздігі – 2021» жастар премиясы өтіп, аудан әкімі Жандарбек Далабаев сан алуан салада еселі еңбек етіп, жалынды жігерін жақсы істерге жұмсап жүрген 19 қарасайлық жас белсенділерін марапаттады, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Жастардың атқарған жұмыстарын бағалап, жетіп жүрген жетістіктерін елге паш ету мақсатында ұйымдастырылған шара барысында аудан басшысы белсенділерге тек биік белестерден көрінуге және өмір жолдарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер», «Үздік жас журналист», «Үздік волонтер», «Үздік жас ұстаз», «Үздік жас саясаткер», «Үздік жас спортшы» сынды 19 аталым иелеріне Диплом мен «Жыл үздігі-2021» статуэткасын табыстады.
Салтанатты рәсімнен кейін «Үздік студент» атанған, «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері Әсемай Тауипбаева сөйлеп, барлық жастардың атынан Жандарбек Ермекұлына және де бүгінгі іс-шарыны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Тәуелсіздік жылдарында өсіп өніп қазіргі таңда өз саласында кәсіби шеберлігімен ерекшеленген жас буын өкілдерін қолдау мақсатында өткен шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.