14 қарасайлық «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында – 200 АЕК айлық есептік көрсеткіш бойынша, яғни, 583 400 теңге көлемінде берілетін қайтарымсыз грантқа ие болды, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Кеше кәсіпкерлерге көмек көрсетіп, жаңа бизнес идеяларды қолдау мақсатында құрылған аудандық комиссия отырысы өтті. Жұмыспен қамту орталығы, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, кәсіпкерлер бөлімі, «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының мүшелерінен құралған комиссия жиынында мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа ие болғысы келетіндер өздерінің бизнес-жобаларын қорғады.
Бұл күні комиссия алдында өзінің жобасын 17 қарасайлық кәсіпкер таныстырды. Үміткерлердің 14-інің бизнес-жобасы комиссия мүшелерінің шешімі бойынша лайықты деп танылып, олар қайтарымсыз грантқа ие болды. 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде берілетін қаражатқа ие болған жеке кәсіпкерлердің ішінде кондитерлік тағамдар жасайтындар, тігін ісімен, мал және құс шаруашылығымен, гелиймен үрленген шарларды сату және сплитерный блок шығарумен айналысатындар болды.
Айта кетейік, жалпы бұл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында берілетін қайтарымсыз гранттың берілу мақсаты ел азаматтарының кәсіптік біліктіліктерін арттыра отырып, жұмыс таппай жүргендерге өз ісін ашуға көмектесу. Ол бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға 200 АЕК (1 АЕК – 2917 тг), яғни, биылғы көрсеткіш бойынша 583 400 теңге көлемінде өтеусіз және қайтарымсыз негізінде беріледі.
Өткен жылдың өзінде бұл бағдарлама арқылы ауданымыздың 67 тұрғыны қайтарымсыз грант алып, бүгінде өздерінің кәсіптерін дөңгелетуде.