Өздеріңіз білетіндей, бүгін елімізде Спорт күні. Айтулы мереке күніне орай, спорттық салада елеулі еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосып жүргендердің жеткен жетістігін ақпарат айдынында жазу біздің үрдісімізге айналса, келесі кейіпкеріміз де соған лайықты азаматтардың бірі. Ол – түрлі спорт түрін меңгерген, шәкіртерін шыңға жетелеуден жалықпайтын, ұстаздық даңғыл жолы қалыптасқан Амантай Берекетов, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Балалық балдәурені бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданы, Воронцовка ауылында өткен сол кездегі бала Амантай жастайынан спортты жанына серік еткен. Ол туған өлкесіндегі орта мектепте білім жолын бастап, кейін көршілес Вознесовка ауылындағы Красное Знамя деп аталатын мектеп қабырғасында оқуын жалғастырады. Міне, дәл осы білім ошағындағы денешынықтыру пәнінің мұғалімі Елемес Жылқыбаев оқушы Амантайдың спорт жолын ашуға септігін тигізіп, еркін күрестен біраз уақыт тәлімгері атанады. Бозбала Амантай аталмыш білім ордасын бітірген соң, Павлодар облысындағы Ақсу денешынықтыру техникумына түсіп, 1994 жылы тәмамдайды. Кейін Алматы қаласындағы Қазақ спорт Академиясының сыртқы бөлімінде оқып, білімін жетілдірген.
Амантай Берекетовтің отбасылық өмірінен сыр шертер болсақ, әкесі – Қали, анасы – Хадиша екеуі де қарапайым шаруа адамдары болған. Амантай, Алтай және Анар атты үш перзенттің ата-анасы атанып, ұлқыздарын қатарынан қалдырмай, бағып-қағып өсірді. Бүгінде Амантай ағаның бауыр-қарындастары өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған жандар. Керек кезде бір-біріне қолдау білдіріп, қуанышты күндерде бастары бірігіп тұрады.
Иә, әркімнің өмір жолы – тағдырының сыйы. Біздің кейіпкеріміз де Құдай қосқан адал жары Гүлмира апайымызбен шаңырақ көтеріп, бүгінгі таңда өмірлеріне шаттық сыйлаған Қуаныш атты ұлы мен биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған Аида атты қыздарына үлгілі ата-ана. Ұрпағының жалғасы – Қуаныш биыл Амантай ағамыздың кезінде тәлім алған Алматы қаласындағы Қазақ спорт Академиясының түлегі атанды. Келешекте әке жолын жалғамақ ойы да бар көрінеді.
Жалпы, Амантай Қалиұлының спорттық саланың арқасында ұстаздық етіп жүргеніне 25 жылдай болған. Туған ауылында еңбек еткен соң, арман қуып жұбайы екеуі 1998 жылы ару қала Алматыға келеді. Алғашында тұрақты жұмыстың ыңғайы болмай, қызмет ету қиынға соғады. Өскен өлкеге қайтып баруға да жаны қаламады. «Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, Амантай ағамыз сол жылдары ешқандай жұмыс талғамай, «екі қолға бір күрек табылар» деген ниетпен құрылыста да, күзеттік қызметте де және тағы басқа да қосымша жұмыстарды істеп жүрді. Тек 2001 жылы Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте ұстаздық жолын жалғауға мүмкіншілік туды. Міне, сол уақыттан бері Амантай Қалиұлы әлі де осы білім ошағында тынбай еңбек етіп келеді.
– Әкем менің мұғалім атанғанымды білгенде, «Балам, сен дұрыс жолды таңдадың. Бұл өте қайырымды және талапшыл мамандық екенін ұмытпа» дегені есімде. Әкемнің бұл айтқаны әлі де мені қанаттандырады, – дейді ұстаз Амантай Берекетов өткен күнді еске алып.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, біздің кейіпкеріміз жастайынан түрлі спорт түрін жанына серік еткен. Соның ішінде таэквондоны еркін меңгерген қасиеті бар. Осы спорт түрінен бір кездері «Хваран» спорт клубының атынан та-лай республикалық жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындардан көрінген. Бұл жеткен жетістігін тәжірибе санаған Амантай ағамыз 2001 жылдардан бастап мұғалімдіктен тыс таэквондо спорт түрінен секция жүргізеді. Талай шәкірттері аудандық, қалалық, облыстық деңгейде жеңімпаз атанып, жаттықтырушылық атағын белгілі еткен. Мәселен, Алтынай Карбозова, Дидар Атманов, Ақмарал Шаубаева, Алмажан Аметалиева, Ерғали Елшібеков сынды ұл-қыздар талай жарыстарда оза шапқан жүлдегерлер. Сондай-ақ, шәкірттерінің арасында жастайынан Амантай шебердің тәлімін алған, ізін жалғаушы ретінде Ринат Шуленбаев- ты ерекше айтуға болады. Ұстазының темірдей тәртібіне бағынған Ринат осы спорт түрінен Қазақстан чемпионы әрі таэквондодан спорт шебері.
Міне, әңгімемізге арқау болған кейіпкеріміз Амантай Қалиұлының азды-кем өмір өрнегі осындай. Білікті шебер, ұстазды Спорт күнімен құттықтаймыз! Еңбегі жолы абыройлы, табысты, жемісті болсын!