Қарасай аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар жергілікті атқарушы орган айқындаған жерлерде қоғамдық жұмыстармен айналысты, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалардың бір түрі ретінде қоғамдық жұмыстарды айтуға болады. Аудандық пробация қызметінің есебінде тұрғандар жоғарыда атап өткен жаза түріне сай, қала және елді мекендерде тазалық жұмыстарымен айналысып, ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға атсалысуда. Осындай істерді бүгін бірқатар кінәлі азаматтар Жібек жолы ауылдық округінің әкімдігінде атқарды. Олар ғимараттың айналасындағы күл-қоқыстарды жинап, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Міне, осылайша құқық бұзушылар өздерінің еңбегімен қоғамға келтірген залалды түзетіп, оны халықтың алдында өтеуде. Жазасын өтеуші азаматтармен дәл осындай игілікті істер алда да атқарылатын болады.
Бір айта кетерлігі, соттың шешімімен қоғамдық жұмыс түріндегі жазаға тартылған адамдардың негізгі жұмысы, жеке кәсібі болса немесе оқу орындарында оқып жатса, тәулігіне 4 сағат қоғамдық жұмыс істейді. Ал, егер олардың қолдары бос болып, тұрақты жұмысы болмаса, тәулігіне 8 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Бұл адамдардың жұмысы тегін. Тәртіп бұзғаны үшін осындай жаза кесілген адамдар көше тазалаудан бас тартқаны үшін қамауға алынады.