Әкім қарттарды құттықтады

Әкім қарттарды құттықтады

Қалыптасқан дәстүр бойынша, кеше аудан әкімі Махаббат Бигелдиев ауданымыздың қазыналы қарияларын арнайы барып, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сый-сияпатын тарту етіп қайтты. Сан жылдардағы еліміздің дамуы жолында еткен еселі еңбегімен бүгінде ел құрметіне бөленіп отырған, көпті көрген қарттар ауданның бірінші басшысының бұл кішіпейілділігі мен ілтипатына риза болды. 

Алдымен Махаббат Садуақасұлы ардагер ұстаз, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызының шаңырағына барып, ақылман ананың қал-жағдайын сұрап, ақ тілегін арнады. Емен-жарқын өрбіген әңгіме барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жастармен қатар, егде тартқан жандардың да қызығушылығын туғызып, Президенттің тапсырмасына сай қолға алынып кеткен идеологиялық жұмыстардың қасиетті Қарасай жерінде де айтарлықтай нәтиже көрсетіп жатқандығы сөз болды.

Ал, қарт майдангер, партизан-жазушы Үсенбай Тастанбеков аудан әкімінің қарапайымдылығы мен кең пейілділігіне риза болып, халық батыры Бекболат Әшекеевке туған жерінде ескерткіш тұрғызу үшін қор ашылғанын естіп қуанып қалғанын, бұл істі толығымен қолдайтынын жеткізіп, ақ батасын берді.  

Сонымен қатар, Махаббат Садуақасұлы Елбасының ұстазы, жасы жүзге келген абыз қария Сейітхан Исаевтың да үйіне барып, атаның өсиет пен ақылға толы қызықты әңгімесін тыңдады. Мәңгілік Ел болуға бет алған мемлекетіміздің басшысы, өзінің сүйікті шәкірті Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының артықшылығын тілге тиек еткен Ұлы Отан соғысының ардагері аудан әкіміне алғысын білдіріп, келе жатқан жаңа жылда жаңа табыстар мен жетістіктер тіледі.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях