Келесі аптадан бастап мектептердің бәрі дәстүрлі режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
«Өзіңізге белгілі, омикронға байланысты жағдайдың күрт өскені белгілі болатын. Қазір жағдай қадағалауда деп айтсам, артық емес. Тәулігіне 16 мыңнан 2000-ға дейін азайып отыр. Сондықтан мұның бәрі — жалпы жағдайдың дұрысталып келе жатқанының нақты көрінісі деп айтуға болады», — деген вице-премьер бизнеске жағдай жасау үшін шектеулер тәртібі өзгертіліп жатқанын еске салды.
«Осыған байланысты 24 қаңтарда өзіңіздің берген бизнеске жағдай жасау туралы тапсырмаңызға байланысты оларға жол ашу үшін негізгі карантиндік шаралар алынып тасталды. Сонымен қатар кеше ғана қазақстандық және шетелдік азаматтардың елге келуіне байланысты нақты шаралар қабылданып, барынша жеңілдктер жасалып жатыр. Келесі жұма, 14 ақпаннан бастап барлық мектептерде оқуды офлайн режимге ауыстыруды жоспарлап отырмыз», – деді Ералы Тоғжанов.