Бүгінде қоғам ауқымды трансформацияны басынан өткізуде. Осылай жедел өзгеріп жатқан қоғамдағы ер азаматтардың орны мен рөлі, әке ретінде мойнындағы міндеттері қандай? Бүгінгі Шамалған ауылы Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясында өткен форумда, міне, осы мәселелер ашық талқыланды, деп хабарлайды naqty.kz желілік басылымның тілшісі.
Мағынасы терең, тағылымы мол «Әкелер мектебі – бақыт мекені» тақырыбындағы іс-шараның шымылдығы оқушылардың көмегімен қойылған «Абайды өсірген әке бейнесі» атты сахналық көрініспен ашылды. Қойылым барысында әкенің баласына деген өнегелік тәрбиесін, ақылын мектеп оқушылары өз деңгейінде жеткізе білді. Соңында «Абайдай бала болсын десеңіз, Құнанбайдай әке керек заманға» деп тақырыпты әдемі түйіндеп, шараның мән-маңыздылығын одан әрі түсіндіріп өткендей болды.
Одан кейін, Алматы облысы білім басқармасы, «Жас дарын» оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Қымбат Сүлейменова мен аудандық білім басшысының міндетін атқарушы Әсел Еркімбаева сөз сөйлеп, форумға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Қазіргі уақытта әрбір баланың тәрбиесіне алаңдаушылық біл¬¬¬¬дірген білім саласының мамандары отбасындағы тәрбиені кү¬шейтуге барын салу керектігін алға тартатындықтарын жеткізді.
Келесі кезекте сахнаға көтерілген Ә.Бұхарбайқызы атындағы қазақ орта мектебі директорының орынбасары, осы мектептің ата-анасы Қайсар Халық әкенің балаға үлгі болатынын айтып, баяндама оқыды. Ал, аталған білім ордасының қабырғасынан құрылған «Аргумент» дебат клубы әкенің отбасындағы маңызы жөнінде пікір таластырды. Бір топ батыстағыдай балаларға еркіндік беру қажеттігін айтса, екіншілері қазақи тәрбиенің басым болуы маңыздылығын алға тартты. Әрі қарай шараға келген қонақтар мен әкелер шеберлік сағаттарды тамашалап, фойеде аудан мектептері ұсынған көрмемен танысты. Форумның соңы әр саладағы қызмет ететін әкелермен кездесу мақсатында қойылған «Бала тәрбиесіндегі әкенің орны бөлек» ток-шоуымен түйінделді.
-
Что еще почитать
-
Что еще почитать
-
Что еще почитать
-
Что еще почитать