Кафе мен басқа да тамақтану нысандарында ауызашар өткізуге болады. Бірақ әлеуметтік қашықтықты сақтау керек. Бұл туралы Қазақстан мемлекеттік бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Онлайн брифинг барысында бас санитар дәрігерге «Кафеге 30-50 адам шақырып, ауызашар жасауға бола ма?» деген сұрақ қойылған.
– Тамақтану нысандарына келер болсақ, 30 адамға дейін қабылдауға болады. Бірақ нақты бір талаптардың орындалуы керек. Ең маңыздысы – әлеуметтік қашықтық. Бірақ үйге 30-50 қонақ шақыруға болмайды. Бұған дейін туған күнге қатысқан 8 адамның коронавирус жұқтырғанын айтқанмын, – деп жауап берді Есмағамбетова.
Бұған дейін Айжан Есмағамбетова коронавирус ауызашарға барған адамдардан табылғанын айтқан еді.