Бүгін Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев көпбалалы аналармен екінші рет кездесу өткізді. Қала және ауылдық округтердің әкімдері мен бірқатар қызметтердің жетекшілері қатысқан ол Қаскелең қаласындағы аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылды.
Ауданда ресми тіркелген 6828 көпбалалы ана бар. Жиынға олардың ішінен 200-дейі қатысты. Көпбалалы аналардың әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын анықтау үшін аудандық жұмысшы топ құрылып, оның құрамына аудан әкімінің орынбасарлары мен бірқатар бөлім басшылары енгізілді. Аталған кездесу аясында, жоғарыда тұрған облыстық жұмысшы тобының қарауына жіберілетін, бірқатар нақты ұсыныстар айтылды.
Олар әлеуметтік төлемдерді алуға қажетті құжаттардың тізбесін қысқартуға, балабақшалар мен мектеп асханаларында көпбалалы отбасының балаларын тегін тамақтандыруға, жалпыға бірдей білім беру бағдарламасы аясында киім, мектеп формасын алуға көмектесуге, қоғамдық көлікте тегін жол жүруді ұйымдастыруға, коммуналдық төлемдерді төлеуде жеңілдік беруге қатысты болды. Сонымен қатар, ұсыныстың бірі алғашқы жарна жасамай-ақ айлық төлемі 30-40 мың теңгеден аспайтын әлеуметтік тұрғын үй алу мәселесін қамтыды. Сондай-ақ, аналардың көпшілігі бір жастан үш жасқа дейінгі жаңа туған баланың күтіміне арналған айлық төлем мерзімін ұзартуды ұсынды.
Бүгінгі кездесу кезінде сол сияқты көпбалалы аналарға арналған ай сайынғы төлемді қайта қарап, оны ең төменгі айлық жалақының 50% есебінен 16 мыңнан 21 мың теңгеге дейін көтеру туралы да сөз болды.
Ол тағы әрбір балаға төленуі тиіс. Оқулықтарды, алғашқы кезекте, көп балалы және өте мұқтаж отбасыларына беру туралы да айтылды.
Сонымен қатар, осы санаттағы балаларға қосымша білім беруде, оның ішінде түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысуда жеңілдік беруді қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар қоғамдық көлікте «Оңай» кәртішкелік жүйесі арқылы жүру мәселесін шешуді өтінді.
Барлық айтылған проблемалар хаттамаға жазылып, бақылауға алынды және кейбіреулері облысқа да жіберіледі. Аудандық қызмет басшыларына оларды жедел шешу жөнінде тапсырмалар берілді.