Көп балалы отбасыларға 2 пайыздық ипотека беру мамырдың аяғында басталады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Қазақпарат сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті.
– Бұл бағдарламаға аз қамтылған, төрт және одан көп баласы бар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған, толық емес (жалғыз басты ана, әке) отбасылар қатыса алады. Мысалы, 12 млн теңге тұратын баспананы алғысы келетін отбасының жалпы кірісі 84450 теңгеден аспауы керек. Сонда алғашқы 8 жылда төлем 60 мың, ал, қалған 11 жылда 44 мың теңге төлейтін болады. Яғни, бағдарлама аясында құрылыс салушылардан тікелей жаңа пәтерді алу ғана қолжетімді. Дегенмен, алдағы уақытта аталған отбасылардың таңдауын кеңейту үшін екінші деңгейлі пәтерлерді беру мүмкіндігі жасалады. Менің ойымша, көп балалы отбасылар үшін елорда маңындағы үйлер қызығушылық тудыруы мүмкін, – деді Л. Ибрагимова ҚР Тұңғыш Президентінің «Бес әлеуметтік бастамасының» іске асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы алдында.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» осы бағдарлама бойынша өтінімдер көптеп түсуде. Себебі, осы бағдарламада несие бойынша ставка айтарлықтай төмен, екі пайыз болса, бастапқы жарна 10 пайызға дейін төмендетілген. 12 млн теңге тұратын пәтерді сатып алу үшін 1 млн 200 мың теңге алғашқы салымды құйса жеткілікті. Сонымен қатар, кезекке тұрған санаттағы отбасыларға бірқатар облыстардың, елорда мен Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері тұрғын үй сертификаттарын беру ниетін білдіріп отыр. Арнайы әлеуметтік көмек ретінде жасалған тұрғын үй сертификаты 1 млн теңгеге дейінгі сомманы құрайтын болады. Ол үшін бағдарлама талабына сәйкес, құжат тапсыру кезінде әрбір отбасы тұрып жатқан қаласындағы әкімдігіне барып тіркелсе болғаны.