Күйшімен кездесу

Күйшімен кездесу

Күй – құдірет! Киелі қара домбыраның қасиетін арттырып, қос ішектен төгілген әуен арқылы тыңдарманына түрлі ой салып, сана-сезімін түртіп, жүрегінің түбіне терең бойлата алушы – сол құдіреттің иесі…

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты, күйші-ғалым Біләл Алпанұлы Ысқақовты сондай жандардың қатарына жатқызуға болады. Өйткені, ол — қазіргі кезеңдегі Арқа, Қаратау, Алтай-Тарбағатай, Жетісу өңірі күйлерінің көрнекті орындаушысы, әрі зерделі зерттеушісі саналады. Шебер күйші, зерттеуші-ғалым, ұлағатты ұстаз атанған Біләл Алпанұлы консерватория қабырғасында 100-ден астам шәкірт дайындаған. Оның өнеріне Монғолия, Солтүстік және Оңтүстік Корея, Эстония, Румыния, Ресей, Түркия, Германия, Италия, Америка, Өзбекстан тәрізді т.б мемлекеттердің тыңдаушылары ыстық ықыласпен қол соққан. Бұл кісі қазақтың мыңнан астам көне ән-күйлерін нотаға түсіріп, дәстүрлі өнерді бүгінгі ұрпақтың зердесіне қондыруға және келешек ұрпаққа рухани мұра етіп қалдыруға өлшеусіз үлес қосып келеді. І Республикалық күйшілер конкурсының лауреаты, І-ІІ Республикалық «Күй тартыс» бәйгелерінің екі дүркін бас жүлдегері, Халықаралық «Халық музыкасы» фестивалінің лауреаты, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Біләл Алпанұлының айрықша ағартушылық еңбегі бағаланып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік  атағымен де марапатталған.

Жақында Қаскелең мәдениет колледжінде осы танымал тұлғамен кездесу өтті. Оның барысында Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, аталған колледж  директоры Дүйсебай Шаштайұлы бастаған ұстаздар қауымы мен студенттер композиторға көкейлерінде жүрген көп сауалдарын қойып, өзіндік тарихы бар, мән мен маңызға, тағлымға толы шығармаларды орындап беруін өтінді. Өзінің өмірі мен еңбек жолындағы қызықты оқиғалармен әңгімесін қисынына келтіре отыра сабақтап, сыр тиегін ағытқан Біләл Алпанұлы өз кезегінде Тәттімбеттің «Сарыжайлау», Сүгірдің «Шалқыма», Т.Момбековтың «Салтанат», «Бозынгеннің бүлкілі», т.б. шығармаларды тебірене орындады.

Бұл кездесу кешін ұйымдастырушы халық аспаптар оркестрі бөлімінің төрағасы Т.Рахымбаев қорытындылап, жиынның шын мәнінде де жастар үшін өнегелі де өзгеше болғандығын сөз етті.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях