Хамза қажыны еске алды

 Хамза қажыны еске алды

Бүгін жерлестері Қарасай батырдың ұрпағы, үш мәрте қажылық парызын өтеген абзал азамат, шежіреші, жырау Хамза Тілеубайұлы Екейбаевты еске алды. Алдымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық мәдениет үйінде осыдан 13 жыл бұрын дүниеден озған қоғам қайраткерінің 90 жылдығына орай, салтанатты жиын ұйымдастырылып, соңынан ас берілді.

Айта кетсек, Хамза Екейбаев 1928 жылы 23 ақпан күні Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Қарағанды облысы Сталин ауданындағы № 7 қазақ орта мектебін үздік бітіріп, Кеңестер Одағының жоғарғы оқу орындарына түсу құқын жеңіп алып, комсомол комитетінің жолдамасымен, шахтер болып жұмысқа орналасқан. Шахтада әр түрлі мамандықты меңгерген. 1960 жылы Киров атындағы университетке оқуға түсіп, заңгер мамандығына ие болды. 1964 жылы завод жанындағы милиция бөлімшесіне жұмысқа орналасып, көп жылдар ішкі істер саласында қажырлы қызмет атқарды. Қарағанды қаласының Майқұдық ауданының милиция бөлімшесін 20 жылдан аса басқарған, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, бірнеше медальдармен, грамоталармен марапатталған.

Алайда, ардақты азамат еңбек жолына қарағанда, ұлттық өнерге деген құрметі мен сүйіспеншілігімен, туған еріне деген қамқорлығымен ел есінде көбірек сақталған сыңайлы. Себебі, көзі тірісінде ол аты алты алашқа мәлім, сөзі семсер Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбыл, толғауы тоқсан Бұхар жырау мен өсиеті өміршең Майлықожа, Құлыншақ сияқты ақын-жыраулардың ғибратты жырларын шебер айтып, олардың жыр-дастандарын насихаттауға көп еңбек сіңірген. Әсіресе, Сүйінбай мен Қатаған айтысын нақышына келтіре орындап, данагөй бабалардың өткір де тапқыр сөздеріне әрдайым сүйсінген.

Жыршының мерейтойына арналған кеш тізгінін оның жанында көп жүріп, өнегелі істерінен мол ғибрат алған жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы ұстады. Аудан әкімі Махаббат Бигелдиев мерейтой иесі жайлы кең көлемді баяндама оқып, Х.Екейбаевтың адамгершілік асыл қасиеттерін сөз етті.

Белгілі болғандай, зейнетке шыққан соң Хамза қажы Бірінші Май ауылының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, тұрғындарды толғандырып отырған өзекті мәселелерге көңіл бөлуге тырысты. Ақсақалдармен ақылдаса келе, ауылдың атын өзгерту туралы ұсыныс жасап, елді мекенге халық батыры Бекболат Әшекеевтың есімі берілуіне ұйтқы болды. Сондай-ақ, Бекболат ауылына газ түсірілуіне, ауыз су жүйесінің тартылуына үлкен ықпал еткен. Өзі салғызған «Хамза қажы» мешітінің жанынан 120 орындық дәстүрлі діни іс-шаралар өткізетін жай ашып, мешіт жамағаттарының діни жоралғылар жасауына қолайлы жағдай туғызған.

Мұнан кейін, Махаббат Садуақасұлы кештегі қадірменді қонақтар қатарынан орын алып отырған Хамза қажының жары Роза апаны ортаға шақырып, Қарасай жұртшылығы атынан иығына кестелі шапан жауып, гүл шоғын ұсынды.

Келесі кезекте мерейтой иесімен жақын араласып, ағалық шапағатын көрген жандар, атап айтқанда, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, Қарағандыдан арнайы келген марқұмның шәкірті, полиция полковнигі Ырымбек Қорабаев, заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағыбаев, Хамза қажының інісі Рысбек Таубаев естеліктерімен бөлісті. Бұдан бөлек, кеш барысында «Ақорда» республикалық қозғалысының төрағасы Қайрат Сатыбалдының құттықтау хатын оның орынбасары Қанат Мұсағұлов оқып, ықылас гүлін тапсырды.

Әрі қарай аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалаған жұртшылық түгелдей «Достық» мейрамханасына бет бұрып, қоғам қайраткерінің аруағына бағышталған астан дәм татты.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях