Елбасының немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты істің мән-жайы белгілі болды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәлім етті, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
«Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығына, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 миллион теңге) бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр», – делінген хабарламада.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайды.
Бұған дейін Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу дерегі бойынша соталды тергеу басталғаны хабарланған болатын. Ол 2 айға қамауға алынған еді.