Тамыз айының 16-сы мен 28-і аралығында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында бүкіл Азия-Тынық мұхиты аймағындағы халықаралық мәселелерді қозғайтын бес күндік Гарвардтық «HPAIR Asia 2019» конференциясы өтеді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Конференцияның өткізілуіне «Казцинк» ЖШС, «ERG», «Chevron» және «Microsoft» компаниялары қолдау білдіріп отыр. Сондай-ақ, конференция студенттік сипатта болғандықтан оған келетін танымал спикерлердің барлығы тегін келеді.
Гарвард университетінің өнер және ғылым мектебі мен Назарбаев Университетінің студенттері бірлесіп ұйымдастырып отырған конференцияның негізгі тақырыбы – «Өзгерістерге ұмтылыс». Осы іс-шара аясында 6 түрлі бағыттағы семинар мен пленарлық сессия өтеді. Атап айтқанда, ғаламдық экономикалық, көркемөнер, бұқаралық ақпарат құралдары мен мәдениет, әлеуметтік саясат және әділет, энергетика мен экологиялық тұрақтылық, басқару және геосаясат, ғылыми технологиялар тақырыбы қаузаланады.
– Халықаралық Гарвард конференциясы 1991 жылдан бастап жылына екі рет өткізіліп келеді. Жыл сайын ақпан айында ол Гарвард университетінде, ал тамыз айында Азия елдерінің университеттерінің бірінде өтеді. Биылғы жылы біз Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып Назарбаев Университетіне осы конференцияны өткізу құрметіне ие болдық. Конференция бес күнге созылатын болады, – деді Назарбаев Университетіндегі баспасөз конференциясында «HPAIR Asia 2019» конференциясын қабылдаушы елдің ұйымдастыру комитетінің атқарушы директоры Лейла Ахметова.
Аталмыш конференцияға қатысу үшін елордамызға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам қатысушы келеді деп күтілуде.