Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бойынша тұрғын үй мәселесін шешу үшін «5-10-20» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.
Бұл мәселеге қатысты ел Президенті Қ.Тоқаев кеше Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында айтты.
– Тұрғын үй мәселесін шешу үшін жаңа «5-10-20» ипотекалық несие беру бағдарламасын іске асыруды тапсырамын. Бұл мақсатқа дағдарысқа қарсы қаражаттан 390 млрд теңге бөлеміз. Биыл елімізде 15 млн шаршы метр немесе 150 мың пәтер құрылысының рекордтық көлемі жоспарланған,- деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы одан бөлек «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде «Отбасы банкін» құруды тапсырды.
– Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды. Шын мәнінде, бұл – Үкімет жұмысының стратегиялық бағыттарының бірі. Үкімет жыл соңына дейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде толыққанды даму және қолдау институты «Отбасы банкін» құруы керек, ол тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырып жүзеге асырады, – деп атап өтті Президент төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалануы мәселесі бойынша 1 шілдеге дейін бір шешімге келуді тапсырды.