Елді мекендердің сәулеті сын көтеріп, келісті көркі көз тартып, көшелері қоқысқа бөкпей, айналасы көгеріштеніп, жайнап тұрса, бұл жалпы аудан жұртшылығының жинақылығы мен мәдениетін айшықтап, абыройын асырмай ма? Осы маңызды мәселе Қарасай ауданы әкімінің аппарат жиналысында да көтеріліп, №9 хаттамасының шешіміне сәйкес, тиісті органдарға нақты тапсырмалар да жүктелген болатын. Соған орай, кеше құрамында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мәдина Нурланова, «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалының кеңесшісі Ералы Рахметқожаев бар топ ауқымды рейд жүргізді. Нақты айтқанда, қала және ауылдық округтердегі дүкендердің, мекемелердің эстетикалық келбеті, санитарлық-тазалық жағдайы бойынша, Қаскелең қаласы мен Әйтей, Үшқоңыр ауылдық округтеріндегі тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тексеру кезіндегі байқалған кемшіліктер туралы әкімдерге хабар берді.
Қаскелең қалалық округін аралаған комиссия Гоголь, Мақашев, Жанғозин көшелерінің бойын шөп басқандығын байқады. Сондай-ақ, Наурызбай батыр көшесінде орналасқан «MГ» автожуу және жөндеу мекемесінің басшыларымен сөйлесіп, жол жиегіндегі қурайлар мен жабайы өсімдіктерді жою қажеттігін ескертті. Ал, Ағынтай батыр мен Гоголь көшесінің қиылысындағы көп қабатты тұрғын үй және жатақхана тұрғындары осындай рейд жұмысының жүзеге асып жатқандығына ризашылықтарын білдірді. Олар үйлер арасында орналасқан қоқыс тастайтын жерде қалдықтардың уақытылы әкетілмейтінін және арнайы контейнерлердің болмауы салдарынан жағымсыз иістер пайда болатынын айтып, осы мәселені шешуге көмек сұрады.
Сонымен қатар, Әйтей ауылына кіретін жолдың екі жағының шөп басып кеткендігі туралы округ әкімі Қайсар Қиқымовқа айтылды және сол жердегі бірнеше азық-түлік дүкендердің эстетикалық келбетін ретке келтіру қажеттігі жөнінде сауда нысаны иелеріне ескертіліп, осы кемшілікті жоюдың мерзімі де белгіленді.
Ал, Үшқоңырдың тазалығы қанағаттанарлық жағдайда екендігін айта кеткен жөн. Дегенмен, округке кіретін трассаның бойында „жабайы„ сауда ұйымдастырылып жатқандығын байқаған тексерушілер, оңай олжаға кенелгісі келетін саудагерлерге бұл әрекеттерінің заңсыз тұстарын түсіндіріп, тәртіпке шақырды. Ал, кейбір көшелердің бойындағы шөптерді шабу керектігін округ әкімінің орынбасары Т.Ташовқа ескертті.
Осындай рейд жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.