Еңбек адамының құқығын қорғауды мақсат еткен ұйым

Еңбек адамының құқығын қорғауды мақсат еткен ұйым

Елімізде кәсіподақтар құрылып, өз жұмысын жүргізе бастағаннан бері еңбекшілердің игілігі үшін белсенді жұмыс істеп, әлеуметтік және еңбек реформаларын іске асыруға үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта кәсіптік одақтар түрлі салалардағы 2,5 миллионнан аса қызметкердің басын біріктіретін, елдегі ең үлкен қоғамдық бірлестікке айналған.

Сондай ұйымның бірі – Қарасай ауданындағы Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіптік кешені және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Қарасай филиалы. Бүгінде құрметті ардагер Сағындық Жылқыбаев жетекшілік етіп отырған ұйым өз жұмысын аудан аумағында 2001 жылдан бері жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Құрылған уақыттан бастап ұйым «ҚР Кәсіптік одақтары» туралы және «Қоғамдық бірлестіктер» туралы заңдарына сәйкес қарасайлық азаматтардың жұмыспен қамтылуына, орналастырылуына, жұмыс уақыты мен демалыс кестесінің бұзылмауы, еңбек ақысының уақытылы мерзімінде берілуі, құқығының қорғалуы секілді мәселелерде көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар, жұмыскерлердің еңбек ету жағдайларын, еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, арнайы киіммен қамтамасыз етілуін, тұрмысы, мәдениеті, демалысы және тағы басқа мұқтаждарын қорғауда қолдау көрсетуде. Бүгінгі күні аталған ұйымда 1941 кәсіподақ мүшесі бар 47 бастауыш мүшелік мекемені біріктіреді.

Жыл сайын жоспарға сәйкес бірлестік кәсіподақ активтерімен Еңбек Кодексінің негіздері бойынша семинар-кеңестер өткізіп, аудандық кәсіподақ комитетінде тіркелген мекемелермен ұжымдық шарт жасау бойынша тиісті жұмыстар жүргізеді. Ұйым мүшелеріне ең жоғарғы жағдай және нақты жеңілдіктер жасау жолдарын қарастырады. Мәселен, сауықтыру және сақтандыру мақсатында санаториялық-курорттық емделуді ұйымдастырады. Жылда аталып өтетін қарттар күні, Ұлы Отан соғысының Жеңісі күні мерекелерінде соғыс ардагерлеріне, тыл және еңбек ардагерлеріне барынша көмек беріледі.

Аудан аумағындағы мекемелерде тоқсан сайын техника қауіпсіздігі бойынша инженерлермен бірлесіп, нақты жұмыс орындарында еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау туралы нұсқаулық кеңестер жүргізіледі. Сонымен қатар кәсіподақ комитеті төрағасының жылда өткізетін жеке қабылдауында биыл 97 азаматтың өтініш-сауалдары тыңдалып, ҚР Заң талаптарының негізіне сәйкес кеңестер, бағыттар берілді.

Бұдан бөлек ұйым қайырымдылық шараларына да атсалысады. Яғни 2008 жылдан бері елімізде Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып келеді. 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін шара аясында біздің аудандық кәсіподақ жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасынан шыққан балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтарға толы сөмкелер табыстайды.

Бүгінде ұйымның қатысуымен біраз мекемелермен келісімшарт жасалған. Нәтижесінде қарапайым еңбек адамының алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік туып отыр.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях