Райымбек округіне қарасты Долан ауылындағы мектептің жұмыстары биыл қайта жанданады деп күтілуде. Бұл жайында бүгін аталған ауылдың тұрғындарына берген есептік жиынында аудан әкімі Жандарбек Далабаев айтты, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымның тілшісі.
Аудан басшысының мәліметінше, Долан ауылындағы мектептің жобалау-сметалық құжатамасы дайын, экспертизадан өткен, бірақ, облыс басшыларының құрылыс жұмыстарына арналған қаражат сомасының көп деп айтуына байланысты жоба уақытша тоқтатылған болатын. Алдағы уақытта облыс тарапынан құрылысты сол жерде жүргізуге рұқсат беріліп, бюджеттен қаражат бөлінсе, Долан ауылында жаңа мектеп пайда болады.
Тағы бір айта кетерлігі, Доландық 1-4 сынып оқушылары осы уақытқа дейін ескі ғимараттары апатты болуына байланысты Достық 29/2 мекенжайындағы жалға алынған мекемеде оқып жүрген. 2022-2023 оқу жылында бастауыш сынып оқушылары үшін ауыл арасында «котеджі қалашық» атауымен танымал 43-ші учаскіден қосымша екі ғимарат жалға алынатындығын аудандық білім бөлімі мәлімдеді.