Бүгін Қаскелең қаласындағы орталық кітапханада «Абай оқулары» атты көркемсөз шеберлерінің аудандық байқауы өтті. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған бұл шараның мақсаты – өскелең ұрпақты қазақтың ұлы ақыны Абайдың қалдырған асыл мұраларымен, ағартушылық көзқарастарымен таныстыру, жастарды сөйлеу мәнеріне, мәдениетіне, өз ойларын еркін жеткізе білуге, тағылымы мол мұралардан үлгі алуға шақыру еді. Байқау шарты бойынша қатысушылар қазақтың бас ақынының немесе өзге де зиялылардың бір прозалық және поэзиялық шығармасын жатқа оқыды. Ауданымыздың әр жерінен жиналып, бар өнерін ортаға салған қатысушылардың қабілетіне «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Пердегүл Сақыпқызы, аудандық кітапхана директоры Ұлдархан Өтеева қазылық етті.
Бір айта кетерлігі, дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп келе жатқан бұл байқауда бұрындары өзге ұлт өкілдері ғана бақ сынайтын, биылғы жаңа ереже бойынша, ниеттілерге шектеу қойылмады. Осы тамаша мүмкіндікті мүлт жібермеу мақсатында мектеп оқушылары, колледж студенттері және мұғалімдер белсене қатысты. Олар өз кезегінде тыңдаған жанды терең ойға батырып, ғибрат алуға шақыратын Абайдың қара сөздерін, қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қамар сұлуын», Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы», маңдайымызға біткен ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр» сынды таңдамалы шығармаларын көпшілікке ұсынды. Осы арқылы әр өнерпаз жыл өткен сайын жазушыларымыз ескірсе де артында қалған тағылымы мол мұралары көмескіленбейтінін байқатты. Нәтижесінде, Аяжан медициналық колледжінің 4-курс студенті Салтанат Еркінбайқызы үздік шығып, облыстық байқауға жолдама алды. Ал, оның ұстазы Бұлбұл Серікқызына талантты шәкірт тәрбиелегені үшін Алғысхат берілді. Екінші орынды Қаскелең мәдениет колледжінен Нұршат Әлім, ал, үшінші орынды С. Жандосов колледжінен Нұрбибі Құттық иеленді.