Білім және ғылым министрлігі бірнеше жоғары оқу орнының білім беру лицензиясының күшін тоқтатты, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шешімге бірқатар жоғары оқу орнын қайта тексеру барысында Білім туралы заңнама нормаларының бұзылуын анықтау негіз болды. Ведомство мәліметінше, бірқатар университеттер мен академияларды қайта тексеру қорытындысы бойынша білім беру саласындағы заңнама нормаларының бұзылуы қайта анықталған.
«Осыған байланысты ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті «Алматы» университеті, Алматы Экономика және статистика академиясы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін лицензиясының күшін тоқтатты.
«Қайнар» Академиясы мен «Silkway» Халықаралық университетін тексеру қорытындылары тексеру нәтижелеріне шағымдануына байланысты сотта қаралуда. Сот процестері аяқталғаннан кейін тиісті шаралар қабылданатын болады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «құқық» даярлау бағыты бойынша (бакалавриат) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылғаны да белгілі болды.