Үстіміздегі жылдың 20 шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Қоянды су қоймасындағы сенбілікке қатысқан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің жалпыреспубликалық «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясын бастап берді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.
Сол кезде ҚР Үкіметінің басшысы еліміздегі барлық облыс әкімдері мен бүкіл жұртшылықты осы бастаманы қолдауға шақырды. Сонымен қатар, ол бұл акцияның кеңінен қолдау тауып, жалпы ел бойынша экологияның жақсаруына ықпал ететініне сенім білдірді.
Қазірдің өзінде аталған бастаманың мыңдаған қазақстандықтардың қолдауына ие болғаны көрініп отыр. Бұл ретте Алматы облысының тұрғындары да шет қалған жоқ.
Осыған орай үстіміздегі жылғы 27 шілдеде, сағат 9-дан бастап «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық республикалық акциясы бүкіл облыста, оның ішінде біздің ауданымызда да өткізіледі.
Барлықтарыңызды да осы акцияға белсене қатысып, өзіміздің Қарасай ауданының гүлденуі үшін, Қаскелең қаласы мен ауылдарды тазалауға, абаттандыруға үлес қосуға шақырамыз.