Алдағы уақытта білім беру ұйымдары мемлекеттік аттестациядан өтетін болады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы педагогтердің Республикалық тамыз конференциясында мәлімдеді.
Мемлекеттік аттестация мектепке дейінгі тәрбие және білім беру, бастауыш, негізгі орта және жалпы білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 5 жылда бір рет өткізіледі. Жоспар бойынша мектептер — көктемде, колледждер — күзде тексеруден өтеді.
Айта кетейік, жалпы орта білім беру деңгейінде (11-сынып оқушыларының МҚА және ҰБТ жүктемесі), жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейінде (академиялық дербестік, 2021 жылдан бастап өз үлгісіндегі диплом беру) алынып тасталды.
Білім беру ұйымдарының қызметіне өзін-өзі бағалау жүргізу кезінде білім беру ұйымдарын бағалау өлшемі әзірленді.
Мемлекеттік аттестаттау рәсімін бақылау нысанына бармай, профилактикалық бақылау жүргізу арқылы жүзеге асыру жоспарланған.