Баспасөз неге дұрыс жеткізілмейді?

Жасыратыны жоқ, ауданымызда жазылған баспасөзді жеткізу қызметі «ақсаңқырап» тұр. Бұған негіз ретінде редакцияға жиі хабарласып, жергілікті басылымның мерзімінен өте кеш келетініне өз шағымдарын айтатын  Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газеті оқырмандарының да наразылығын алуға болады. Осындай олқылыққа не себеп болды екен? Кінәлі кім? Бұл сауалдардың жауабын біз пошташылардың өздерінен сұрап, іздеп көрген едік.

Ең алдымен белгілі болғаны, газет баспаханадан пошта торабына тиісті уақытында жеткізіледі екен. Ал, жазылып алып, асыға күтетін газеттің тұрғындарға 3-4 күн кешіктіріліп келуіне кәдімгі адами фактор себеп болатын көрінеді. Олай дейтініміз, әдетте көзге байқала бермейтін хат-хабар тасушылардың еңбегі ерен, жұмыс ауқымы да кең екен. Бұл ретте олардың жарты бірлікте істейтінін, ал алатын айлықтары 30-40 мың теңгенің көлемінде ғана екенін ескеру керек. Бүгінгі нарық заманында мұндай ақшамен отбасын асырау қиынға соғатынын мойындасақ, кадр тапшылығы мәселесі өзінен-өзі-ақ қылаң беретіні сөзсіз. Яғни, пошташылар саны аз, ал, барының әрқайсысына бөлінген, жаяу-жалпылап жүріп аралайтын аумақтары өте үлкен тәрізді.

Тағы бір назарға алатын жайт, ауданымыздың халқы өте тығыз орналасқан. Яғни, елді мекендер бір-біріне жақын орналасқанымен, газет таратушыға жүктелер жүк жеңіл емес. Қысқаша айтқанда, ресми деректерге сәйкес, 230 мыңнан астам қарасайлық тіркелген болса, олардың үйіне немесе кеңесесіне газет-журнал, хаттарды небары 60 пошташы жеткізеді.

Енді, егер осы аталған мәселенің тек биыл ғана емес, бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын ескерсек, алайда, бұл қызметке аз қаржы бөлінбейтінін пайымдасақ, бұл сұрақ республика аумағындағы ұлттық пошталық және қаржылық оператор болып табылатын «Қазпошта» АҚ-ның басшылығының тікелей назарына ұсынылуы керек сияқты. Бұл ретте, кадрлық саясатты қайта қарап, штат санын ұлғайтуды ойластырып, ол үшін адамдардың қызығушылығы туатындай пошташы қызметін материалдық жағынан ынталандыру жұмыстары қолға алынуы қажеттігі байқалады. Бәлкім сол кезде хат-хабар тасу сапында тұрған «сарбаздардың» да өз ісіне деген сүйіспеншілігі артып, салғырттыққа жол бермес пе еді?! Қалай дегенмен де, айта-айта жауыр болған осы жағдайдың аймақтық деңгейде ғана шешіле қоймасы анық…

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях