Испаниядағы Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар эстафетасын Каталония өңірінің бас қаласы қабылдады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның Барселонадағы консулдығында өткен іс-шараны консул Ринат Дүйсембаев пен Барселона кинофестивалінің жетекшісі, Casa Asia (Азия үйі) мәдениеті мен экспозицияларының директоры, жазушы және кинотанушы Менене Грас ашты.
Испандық қонақтар, қазақстандық студенттер, қазақстандық балаларды асырап алған отбасылар және басқа да көрермендерге Абайдың шығармашылығы мен еліміздің мәдени және рухани өмірін дамытудағы рөлі туралы ақпарат берілді. Қонақтарға испан тіліне жарық көрген Абайдың «Қара сөздері» мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» брошюрасы ұсынылды.
Іс-шара аясында өткен шағын концерт бағдарламасында Абайдың «Көзімнің қарасы» мен «Айттым сәлем, Қаламқас», сондай-ақ басқа да танымал қазақ әндері айтылды.
Профессор Менене Грас испан көрермендерінің Абай шығармашылығына (жақында Испанияда оның бейнесімен пошта маркасы бастырылды) және жалпы қазақ мәдениетіне, оның ішінде Casa Asia мен Қазақстан консулдығы қолдап отырған Барселонада жыл сайынғы Барселоналық Азия кинофестиваліне сәтті қатысатын заманауи қазақстандық фильмдерге деген үлкен қызығушылығын атап өтті.