2002 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан елімізге танымал Алматы облысына қарасты Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» көпсалалы агрохолдингі негізгі өнімі – сүт көлемін екі есе ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Бұған облыстағы 2022-2026 жылдары мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы жүргізіп жатқан инвестициялық бағдарлама көп көмегін тигізбек, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
«Байсерке-Агро» компаниясы, міне, 20 жылдан артық Алматы қаласы мен облысында орналасқан сүт өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етіп келеді. Мұндағы роботтандырылған сүт кешенінде асыл тұқымды голштино-фриз қара-ала сиырлары күтіп-бағылады. Әр сиырдан тәулігіне орташа 32 литр, жалпы 10,5-11 тонна сүт сауылады. «Қонаев» ӘКК» АҚ-ның қаржы құралдарының арқасында өткен жылдан бастап сүт фермасын кеңейту басталды.
– «Байсерке-Агро» компаниясы «Қонаев» ӘКК» АҚ-дан 500 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Оны біз 10 жыл мерзім ішінде өтеуіміз керек. Пайыздық мөлшерлемесі – 2,5%. Компанияны кеңейту жұмыстары жүргізіліп, өз қаржымызды қора-қопсы, басқа да нысандарды жөндеу үшін жұмсап қойғандықтан, бұл бізге мал басын көбейту, қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін өте тиімді болып тұр. Біз 405 миллион теңгеге 300 бас асыл тұқымды сауын сиыр сатып алып, олардың жалпы санын және сүт өндіру көлемін екі есе көбейтпекпіз.
Қазірге дейін Ақтөбедегі «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 33 бас құнажын келді, тағы 33 басы жолда келе жатыр. Ай соңына дейін – 100, ал жыл соңына дейін қалған 200 бас асыл тұымды малды алып боламыз. Несиенің қалған 95 миллион теңгесіне құрал-жабдықтар аламыз. Әрі арзан, әрі қомақты тиімді несие осылай мал басын көбейтумен бірге роботтандырылған сүт кешенін замануи құрал-саймандармен жабдықтауға да үлкен септігін тигізіп, өнім көлемін ұйғайтады, – деді кешенінің меңгерушісі Марлен Омаров.
Бүгінгі таңда отандық экономика алдында алдағы бес жылда ішкі жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайту міндеті тұр. Ал «Байсерке-Агро» бұл межені жақын жылдар ішінде бағындырмақ.