Әйгілі Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбеков тірі болса, биыл 55 жасқа толар еді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков 1966жылы наурыз айының 13-і күні Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген.
1984 – 86 жылы Амур өлкесі Белогор қаласында әскери міндетін өтеді. Әскери-саяси қызметтердің үздігі ретінде бірнеше мақтау қағазымен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздары да жіберілген болатын. 1986 жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға оралып, тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түскен.
Осы жылы 16 – 18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Бірақ, көтеріліс қатыгездікпен жаншылғаннан кейін 1987 жылдың қаңтарында ішкі істер органының қызметкерлері «Алматыда бір төбелеске қатысты» деген желеумен Рысқұлбековті Мойынқұм ауданының орталығында тұратын нағашысы – М.Асанбаевтың үйінде демалып жатқан жерінен ұстап әкетеді. Кейіннен, С.Савицкийдің өліміне кінәлі деп танылып, ату жазасына кесіледі. Бірақ, зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдағандықтан жазасы 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды.
Бірақ, Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды.
Желтоқсан көтерілісінің бас құрбаны болған Рысқұлбеков еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстан Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылы 21 ақпандағы шешімімен толықтай ақталды. Оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Тараз қаласында Рысқұлбеков есімімен аталатын демалыс паркі бар. Сондай-ақ, онда оның ескерткіші қойылған.