Бауырлас жұртпен жақсылығы жарасып, бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен қазақстандықтардың ауызбірлігі қашанда маңызды. Соның ішінде татулықты ту еткен этностардың бірі – ұйғыр халқы. Аталмыш диаспораның өкілдерімен қазақ халқының сыйластығы жарасқаны соншалық бүгінде қыз алысып, құдандалы болып отырған жайы бар. Сөзіміздің дәлелі ретінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі аясында қазаққа келін атанған Ризванкуль Манамбаева жайлы айтуға болады, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, ана тілін қазақтан кем білмейтін Ризванкуль Максумқызы осыдан 25 жыл бұрын Манамбаевтар әулетіне келін боп түскен. Өмірлік жолдасы – Ақылбек Рахмадиұлы екеуі 1997 жылы танысып, бір жылдан кейін шаңырақ көтерген. Отағасы Алматы облысы Көлащы ауылының тумасы болса, ұйғыр қызы Ризванкуль әпкеміз көрші орналасқан Қошмамбет ауылында дүниеге келген.
Биыл ерлі-зайыптылардың отау құрғанына ширек ғасыр толып отыр. Құдайдың берген қос қанаты – қыздары Ақнұр бүгінде бойжетіп, заң саласында жемісті еңбек етсе, үйдің еркесі – Шамиль осы жылы бастауыш сыныпты бітіреді.
Бір қызығы, Ризванкуль әпкеміз Манамбаевтар әулетіне келін болып түскен жалғыз өзге ұлттың қызы емес. Абысындарының бірі өзбек ағайындардың қызғалдағы болса, енді бірі немістің қызы. Интернационалды келіндер бүгінде осы әулеттің түтінін түтетіп, ұрпақ жалғастырып, тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Айналысындағы жандармен сыйластығы жарасқан Ризванкуль Максумқызын көбісі бүгінде Риза деп таниды. Кейіпкеріміз 11 жыл мектепті орыс тілінде оқығанымен, Қыздар педагогикалық университетін мемлекеттік тілде, яғни, қазақша «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. Сонымен қатар, Риза әпкеміз университетке дейін «есепші» мамандығын да меңгерген. Алайда ұстаздық етуді жөн санап, қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, білімнің баспалдағы бастауыш сыныптың мұғалімі ретінде сабақ береді. Биыл педагогика саласында қызмет етіп жатқанына 30 жыл толып отыр.
Бүгінде Ризванкуль Максумқызы Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көлащы ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте бастауыш сыныпқа сабақ береді. Ұстаздық жолда жеткен жетістігі де аз емес.