Әдетте, қайырымдылық кеші десе, ойымызға бірден өнер жұлдыздарының қатысуымен дүркіреп өткен кеш елестейді. Бірақ, жақында Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебінде өткен «Жүректен жүрекке» атты өнерлі оқушылар қатысқан концерт солардан ешбір кем болмады десек, асыра мақтамаспыз. Азиза Ахметқызының басшылығындағы оқу ордасының ұжымы адамдарды мейірімділікке, қайырымдылық пен қамқорлық танытуға баулу мақсатында ұйымдастырған мерекелік шара мүмкіндігі шектеулі, үйде оқитын, аз қамтылған және жетім балаларға көмек көрсетуге арналды. Бұл күні кішкентай ғана өнерпаздар таудай талаптарының арқасында жақсылық жасауға қомақты қаржы емес, үлкен күш емес, мейірімді жүректің жеткілікті екенін ұқтырғандай. Әсіресе, мектептің 4-сынып оқушысы Нұрлыбек Сапарбай концертке ерекше үлес қосты. Он шақты ән орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл- күй сыйлады. Нұрлыбектің өнердегі ұстазы, Үшқоңыр мәдениет үйінің директоры Қалбибі Абдуллаева да жас өнерпаздарды қолдай келіп, ізгі тілегін жеткізді. Сондай- ақ, мүмкіндігі шектеулі Аружан Бақытованың өнері көпшіліктің жүрегін дір еткізгендей болды. «Ана» деп ән шырқағанда көрермендердің көзіне еріксіз жас келді. Әнші болам деген арманына бір сәтке болсын жақындай түскен Аружан мерекелік кешті тамашалауға келгендердің ыстық ықыласына бөленіп, батасын алды.
Қайырымдылық шарасының соңына қарай 14 оқушыға арналған сыйлық таратылды.
Айта кетейік, бұл шара «Өзін- өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты дәстүрлі онкүндік жоспар аясында іске асырылды.